Амиштер мен кержактар. Олар кімдер?
Амиштер мен кержактар. Олар кімдер?

Мінезі жібектей, жұмысына тиянақты адамдар болады. Бірақ мұсылман емес. Уәдесіне берік, жауапкершілігі мол, үнемшіл адамдар бар. Алайда, мұсылман емес. Ең­бек­қор, идеясы мол, жаңашыл, ғылымда үлкен жетістікке жеткен. Кірпияз, көшеге қоқыс тастамайды. Әттең, бірақ мұсылман емес. Енді осы мұсылман еместерді кейбір мұсылмандар­мен салыстырып көрейікші. Біз, мұсылмандар, құлшылыққа мән беретін шығармыз, бірақ айтқан уәдеде тұрамыз ба? Жұмысқа салғырт қараймыз, ғылымда артта қалып жатқанымыз бәлки содан шығар. Өзіміз мұсылман бола тұра, шаш-етектен шашылып ысырапқа ба­рамыз. Дәрет-ғұсылға барынша берікпіз, бі­рақ көше тазалығын сақтай бермейміз. Бір ғана мысал, менің қиялымдағы Арафат деген нұр шашқан тау сияқты болатын. Сондағы әр жерде шашылып жатқан қоқысты көрге­німде, жүрегім қан жылап кетті. Неге бұлай? Сауд Арабиясына барсаңыз, тамақ ішіп отыр­ған дастарқанынан аттап өтетін, жеп отырған нанын қоқыс жәшігіне тастай салатын мұсылманды кезіктіресіз. Ал мұсыл­ман емес елдерде қалай? Оларда мәдениет бар, әдеп бар. Сонда қайсы мұсылман? 

Мысырдың бір шейхы Еуропаға ба­рып­ты. Қайтып келгеннен кейін айтқаны мынау екен. «Еуропада исламды көрдім, алайда мұ­сылмандарды кездестіре алмадым. Ал бізде (авт. Мысырда) мұсылмандар бар екен, бірақ ислам жоқ». Расында, мұсылмандар мен исламның қандай айырмашылығы бар? Бү­гінгі мұсылман емес халықтардың бойынан мұсылмандық сипаттың көрінуі нені білді­реді? Осындай сұрақ қойсаң болды жұрт бірден «Бәлкім, бұлардың арғы аталары мұ­сылман болған шығар?» дейді. Шынында, солай ма?

Ел арасында орыстардың арғы аталары мұсылман болған деген әңгіме жиі айтылады. Мысалы, княздар Федор Иванович Мсти­славскийдің сауыты мен Андрей Стариц­кийдің қанжары, Иван Грозныйдың, Алек­сандр Невскийдің дулығаларын қарасаңыз, арабша жазуларды, анығында Құран аят­та­рын көресіз. Өзі христиан адам неге сауыт-сайманына аят жаздырған? Алайда, көп адам бұған иланбайды. Кім біледі, татар, ноғай секілді мұсылман халықтарын басып кір­генде, олжалаған болар. Немесе мұсылман­дар­дың патшалары орыстарға тарту етуі де мүмкін ғой. Бірақ нақты дәлелдер де бар.

ІХ ғасырда өмір сүрген орыс саяхат­шысы Афанасий Никитин өзінің «Хождение за три моря» кітабында: «Олло акберь, акши худо илелло акши ходо, иса руход аалик­со­ломъ; Олло акберь аилягяила иллелло, Олло перводигерь ахамду лилло шукуръ худо афа­тадъ; бисмилна гирархмамъ ррагымъ. Гирь помоги рабу своему», – деп жазады. Осы кітапқа орыс шіркеулері әбден шүйліккен. Тіпті бірқатарын өртеп те жіберген. Осыған қарағанда, бір кездері орыстардың тілін кәлимаға келтіргені белгілі болып отыр. Вла­димир Путиннің өзі бір жерде қызды-қыз­дымен: «Православие ближе к исламу, чем к ка­толицизму» деп айтып қалды. Путин неге бұлай деді? Оның айтқаны рас нәрсе, өйткені православтардың бетін тырнасаң, ар жағы­нан мұсылмандарды көресің.

Рас, православтардың діни түсінігі бұ­рын мүлдем бөлекше болатын. Билікке Ро­мановтар әулеті келген кезде, орто­доксальды христиандықты ұстанатындардың қолты­ғына су бүркіп, дін саласында төңкеріс жасады. Ескі сенімдегі адамдарды әбден қудалады. Бағынбағандарының басын шап­ты. Деректер бойынша, сол кезде 20 мыңдай адам «жаңа дінді қабылдағанша, өлгенім артық» деп өздерін өртеп жіберіпті. Осы­лай­ша жаңа дінді күштеп тықпалады. Тепкіге көн­бегендері, орман-тоғайды паналап бы­тырай қашты. Мына қызықты қараңызшы, ескі дінді ұстанған сол халық әлі де бар екен. Біз оларды Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласына барған сапарымызда көрдік. Оларды жергілікті жұрт «староверлер» дейді. Рас, бүгінгі староверлердің христиан­дардан айырмасы аз. Біраз, арғы аталары ұстанған дін исламнан айнымайды екен.

Риддер тарихи өлкетану мұражайынан жайнамазға, таспихқа ұқсайтын қызық жәді­герлерді көрдік. Сөйтіп, бұлардың не екенін мұражай маманы Елена Путенцевадан сұ­ра­дық. «1654 жылы Романовтардың тапсыр­ма­сымен Патриарх Никон орыс православие шіркеуіне реформа жасады. Мәскеулік діни кітаптар XVI ғасырдағы грек кітаптарымен сәйкестендірілді. Константинополь Со­бо­ры­ның пәтуасы бойынша, саусақпен шо­қынудың өзгеше ережесі бекітілді. Мұның соңы орыс монастырларының пайда болуына әкеп соқтырды. Никонның атсалысуымен 1655 жылы Успен соборы салынды. Міне, осы діни реформаға кейбір орыс шаруалары түбегейлі қарсы болды. Жаңа дінді күштеп мойындатуға көнбеді. Сөйтіп бірі – Поль­шаға, енді бірі – Белоруссияға, тағы бірі Алтай Республикасына қоныс аударды. Ре­формаға қарсы шығып, үдере көшкен сол  топ «староверлер» деп аталды. Олардың өзге православтардан өзгешелігі болатын. Право­славтар құдайға құлшылық еткенде иіліп қана тағзым қылады. Ал староверлер болса «подстилкаларды» жерге төсеп, маңдайын соған тигізеді. Егер старовер өзін күнәһар се­зінсе, күніне мың рет осылай кешірім сұ­раған. Староверлер де мұсылмандар секілді таспих ұстады. Оны «листовка» деді. Лис­тов­каның парақшаларын санап отырып, дұға оқыған» деді мұражай қызметкері. Шы­нын­да, подстилка дегендері – жайнамаз, лис­тов­касы таспих қой. Бұлар мұсылман­дардың мүлкі емес пе еді?

Негізінде, кержак атауы «керженец» сөзі­нен шыққан. Нижегород губерниясында Керженец өзені бар екен. Бұлардың көп­шілігі сол жерден тараған. Мұражай ма­манының айтуынша, Риддердегі кержактар Ресейден Алтайға ауғандардың тұқымы екен. Бұлардың болмысының өзі қызық. Саяқтау өмір сүргенді қалайды, бөтен діндегілермен сөйлеспейді. Өздерінің сенімдерін ғана құр­меттейді. Ерлері сақал қойып, әйелдері ора­мал тағады екен. Жаулықты кеудесін жаба­тындай қылып түсіреді. Мұсылмандар сияқ­ты бұлар да құлшылық алдында дәрет алады. Кітаптарында «Молитесь чистыми руками» деп жазылған. Соңында манағы листовканы тартып отырып, дұға қылады. Бір қызығы, кержактар картоп жемейді екен. Картопты «шайтанның алмасы» деп есептейді. Шәй ор­нына, қайнаған су ғана ішеді.

Ұлттық киімге қатты мән береді, көбіне ашық түсті киім киеді. Әйелдері ұзын сара­фан, сәнді көйлек киеді. Тіпті түнде де ора­малын басынан тастамайды. Ешқашан шалбар кимейді. Ерлері ешқашан сақалын қырмайды. Ұзындығы тізеге дейін жететін жейде, биік жұмсақ етік киеді. Галстук тақ­қанды өлердей жек көреді. «Иуда повесился на веревке» деп, галстук таққандарды Иуда­ға ұқсағысы келгендер деп есептейді. Кері­сін­ше, белбеуге қатты мән береді. Ел алдына белбеусіз шығуды күнә деп түсінеді. Белбеусіз жүруді шектен шығу деп қабылдайды. Ішім­дік ішу, темекі тарту, абортты үлкен күнәлар қатарына жатқызады. Кержактар, тіпті өрке­ниеттің жетістіктерін көзге ілмейді. Интер­нет, тіпті теледидар қолданбайды. Оралхан Бөкей: «Біздің Алтайда Кеңес өкіметінің ор­нағанын елуінші жылдары естіген кер­жақтар бар» депті. Соған қарағанда, бұ­лар­дың саясатқа да қақ-соғы жоқ.

(Жалғасы мына жерде)

Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
9 лет назад 10859
2 комментария
  • кержақтар туралы қалихан мен оралханның шығаармаларынын оқып едім, әсіресе, қалиханның "ақсу - жер жаннаты" романында біршама айтылған.
    9 лет назад
  • Керемет! Мақала да тамаша, оның кейіпкерлері амиштер мен кержактар да тамаша халық екен!
    9 лет назад
О блоге
0
40926 43 66 148 41
Прямой эфир