Амиштер мен кержактар. Олар кімдер? – 2
Амиштер мен кержактар. Олар кімдер? – 2

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Сырт келбеті еврейлерге ұқсағанмен, өмір тіршілігі мұсылмандарға келетін тағы бір халық бар. Олар – амиштер. Амиштерді АҚШ-тан, Канададан кездестіруге болады. Амиштердің негізгі отаны Швейцария екен. Бұлар Мартин Лютер секілді протестант реформаторлардың тепкісіне ұшыраған. Ақырында, 1693 жылы кержактар сияқты қуғынға ұшырап, 200 отбасы Еуропаны тас­тай қашқан. Амиш сөзі сол кездегі көсем­-­дері Якоб Амманның атына байланысты шыққан екен. 

Америкадағы амиштердің ең көп шо­ғырланған жері – Пенсильвания, Огайо, және солтүстік Индиана. Көпшілігі шаруа­шылықпен айналысады. Өздері не өсірсе соны талғажау етеді, дүкенге бармайды. Ке­рісінше, өздері ет, құс, сүт, жұмыртқа, ірім­шік өндіріп сатады. Олардың жасаған ағаш жиһаздарын американдықтар қырылып алады екен. Себебі, сапалы. Үйлерінің бар­лық жиһазын өздері қолдан жасап алады. Тіпті балалардың ойыншығына шейін мата­дан тігеді.

Ешқайсысы көлік мінбейді, ат арбамен ғана қатынайды. Жерді де ат жегіп соқамен жыртады. Тіпті олар электр энергиясын да пайдаланбайды екен. Электр сымдары о дү­ниемен байланысты үзеді, бұл дінге қайшы деп түсінеді. Қажет жағдайда, тек газ гене­ра­торын ғана пайдалануға рұқсат, ал орта­лық­тандырылған электр жүйесін қабылда­май-ды. Сондықтан да теледидар, радио, ин­тер­нетті қолданған емес. Барынша, фотоға да түс­пейді.

Бұлардың да мұсылмандармен ұқсас­тығы көп. Неке қиылмайынша, қыз бен жігітке бірге болуға рұқсат берілмейді. Тәр­тіпке, тазалыққа қатты мән береді. Қара­пайым ғана киінеді, сән әлемнің не екенінен хабары жоқ. Амиштердің киім киістері де өзгеше. Әйелдері бір түсті кең көйлек киеді, алабажақ киім киюге, шаш қиюға тыйым салынған. Үйленген жігіттер міндетті түрде сақал қояды, ал мұртты басады. Сақал де­ген­нен шығады, сақалы жоқ еркекті ешкім көзге ілмей, адам құрлы көрмейді екен. Осыны біл­ген кейбір есерсоқтар бірде өздері ұнат­паған амиш жігітті жабылып ұстап алып, са­қалын қырып тастапты. Сол қылығы үшін олар 15 жылға бас бостандығынан айырылған екен. Тағы бір қызық жайт, амиш бозбала кәмелетке толған кезде, ары қарайғы өміріне өзі таңдау жасай алады. Амиш болып қалғысы келсе, тіпті жақсы. Басқа американ­дықтар сияқты өмір сүргісі келсе, оған да рұқ­сат. Бірақ туған жерін, отбасын мәңгі­лікке тастап кетеді. Басқа христиандар сияқ­ты баланы туыла сап шоқындырмайды, ақыл тоқтатқан кезде дін таңдауды өз еркіне бе­реді. Былайша айтқанда, мұсылмандар сияқты «дінде зор­лық жоқ» деген ұстанымда. 

Үйді құлшылық жасайтын орынға ай­налдыру керек деген ұстанымдары бар. Құл­шылық жасар алдында аяқтарына шейін жуып, дәрет алады. Бұлар да староверлер се­кілді өздерін ең таза жолдамыз деп есеп­тейді. Иса көктен түседі, сосын мың жылдай ел басқарады деп сенеді. 

Өмір сүрудегі ұстанымдары: рухани құн­дылықтарды сақтау, ауыр жұмысқа жегілу, әйелдің еріне бағынуы, қарапайым киіну, мемлекеттен жәрдемақы талап етпеу, техни­каның барлық түрін тәрк ету. Және бір-бірі­не жәрдемдеседі. Мысалы, бір амиштің үйі өртеніп кетсе, қалғандары жабылып, жаңа үй тұрғызып береді. Бұларда ажырасу, ыдыс-аяқ сылдыры деген атымен жоқ. Әр отбасында 6-10 баладан болады, баласының көптігімен мақтанады. Тойлары да қарапайым дастар­қанда өтеді. Ұзатылатын қыз көкшіл көйлек киеді. Бірақ ешқашан боянбайды. Тіпті бұ­лар­да неке жүзігі деген де ұғым жоқ. 

Сол сияқты жерлеу рәсімдері де қара­пайым. Марқұмның бейітіне басқа хрис­тиан­дар сияқты гүл қоймайды, оны айта­мыз-ау құлпытасына қайтқан адамның аты-жөнін де жазбайды. Бәрінің құлпытастары бірдей болады.

Амиштер кішкентай бала сияқты. Жеку, ұрсу дегенді білмейді. Мысалы, бір амиштің сақалынан тартсаң немесе жағынан салып жіберсең, ол саған дүрсе қоя бермейді. Кері­сінше, сенің әрекетің үшін өзін кінәлі сезі­ніп, құдайдан кешірім сұрайды. Амери­кан­дықтар сол үшін де амиштерге құрметпен қа­райды екен. Осыдан екі-үш жыл бұрын, Америкада мынадай жағдай болыпты. Чарльз Карл Робертс деген американдық жігіт есі­нен адасып, амиштердің мектебіне баса-көктеп кіреді. Ақылынан алжасқаны сондай, 7 амиш қызды қанжоса қылып, артынша өзі атылып өлген. Міне, сол 7 қыздың аналары қанішердің үйіне барып, әйелінен кешірім сұрап, күйеуінің кінәсіз екенін айтыпты. Тіпті артында үш баласы қалғанын біліп, қор ашып, балалардың оқуына қажетті ақша жиып беріпті. 

Амиштер мен кержактарды неге айтып отырмыз? Әңгіме кейбір христиан, басқа да діндегілерден мұсылмандық сипат бай­қа­латыны турасында екен ғой. Кім біледі, осын­­шама ұқсастығы бар болғанына қара­ғанда, ел айтып жүргендей олар да бұрын мұ­сылман болған шығар? Исламнан ажы­раған, бірақ мұсылмандығы қалған. Әрине, бұлай бол­мауы да мүмкін. Бірақ осының өзі бізге са­бақ емес пе? Рас, біз, мұсылманбыз. Амалы­мызға да берік шығармыз. Бірақ сол мұсыл­мандығымыз іс-әрекетімізден қанша­лықты байқалып жатыр? Сын сағатта мұсыл­ман­дығымызды сақтай алып жүрміз бе? Туыс, дос, бауырға қамқормыз ба? Мысыр шейхы Еуропадан исламды көргенін айтып­ты. Кім біледі, басқа діндегілердің осындай мұсыл­маншылығы бір күні исламды қабыл­дауына себеп болар. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қиямет жақындағанда күн батыстан шы­ға­ды» дегенді бекер айтпаған ғой.

орамал, Мұсылман, АҚШ, сақал, Амиштер
Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
2 жыл бұрын 792
5 пікір
  • АҚШ-та оқып жүргенімізде біздер де сол амиштерді көрген болатынбыз. Сен көлікпен кетіп бара жатсаң, олар кинодағыдай қара арбамен кетіп бара жатады, қызық :)
    2 жыл бұрын
  • Әр елдің салты басқа деген осы шығар. Бұл халықтарға Исламды қабылдау нәсіп болсын!
    2 жыл бұрын
  • жақсы мәлімет
    2 жыл бұрын
  • өте құнды мәлімет, алла разы болсын
    2 жыл бұрын
  • осы кәрістер туралы не айта аласыз, олардың да үлкенге құреті, тағзы етуі мұсылмандарға келіңкірейді ме, қалай
    2 жыл бұрын