Студент кезім. Уәлиханов көшесінің бойындағы жатақханада тұрам. Кешкісін көшемен жоғары өрлеп Шоқан ескерткіші маңындағы орындықтарға барып отыратынмын. Осындай бір кешкі сейіл кезінде жаныма бір ақсақал келді. Бұрын мектепте сабақ беріпті. Менен қай мамандықта оқып жатқанымды сұрады. Артынша «Саған керек болады, құлағыңа құйып ал» деп біраз кеңес айтты. «Журналистер, әдебиетшілер Абайдың өлеңдерін қате жазып жүр. Мысалы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп жазасыңдар, бұл қате. Дұрысы «Өлең-сөздің патшасы – сөз сарасы» болады. Абай «сөздің сарасы» не деген сұраққа жауап беріп тұр. Сол сияқты ауыз әдебиетіндегі санамақты да қате жазасыңдар. «Он дегенім – оймақ, Он бір – қара жұмбақ» дейсіңдер, бұл да дұрыс емес. Дұрысы «Он дегенім – оймақ, Оны – бір қара жұмбақ» болады. Осы он санның астарында бір сыр бар дегенді білдіреді» деді. Кейін ол ақсақалды мүлдем көрген емеспін. Бірақ сол кездегі он минуттық дәрісі есімде өмір бақи қалып қойыпты. Шынында, осы санамақтағы «оны – бір қара жұмбақ» деген не?
Ауыз әдебиетінің, соның ішінде ертегі, жұмбақ, жаңылт-паш секілді балалар әдебиетінің бір саласы – осы санамақ. Біз білетін санамақтың толық мәтіні мынадай
Бір дегенім – білеу,
Екі дегенім – егеу,
Үш дегенім – үскі,
Төрт дегенім – төсек,
Бес дегенім – бесік,
Алты дегенім – асық,
Жеті дегенім – желке,
Сегіз дегенім – серке,
Тоғыз дегенім – торқа,
Он дегенім – оймақ,
Он(ы) бір қара жұмбақ.
Профессор Қажым Жұмалиев «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» еңбегінде: «Бұл жұмбақтың негізгі мақсаты – он бірге дейін сан үйрету. Мақсат әр санды есте қалдыру болғандықтан, есептік сандар қай дыбыстан басталса, оның әрқайсысына тең етіп алынып отырған сөздер сол дыбыстан басталады. Бәрі де дыбыс қуалау заңына сүйенеді. Әйтпесе, «бір мен білеудің», «екі мен егеудің» мағына жағынан еш байланысы жоқ» деп жазады.
Рас, санамақтың негізгі мақсаты – он-он бірдің мөлшерінде сан үйрету. Сол арқылы әр санды баланың санасына сіңдіру. Санамақ ұйқасқа бағынғандықтан, жаттағанға жеңіл. Алайда, санамақтар тек сан үйретіп қана қоймайды, балаға дүниені де танытады емес пе? Баланың ойлау қабілетін, ой-өрісін дамытады. Ең бастысы, баланы әдемі сөйлеуге дағдыландырады, яғни тілін жаттықтырады. Себебі, санамақ жай ғана сандар мен сөздердің жиынтығы емес, ол – тәрбиелік, тағылымдық мәні мол поэзия.
Санамақ дүние танытады дедік. Төсек, бесік, асық... Зер салып ойланған адамға, мұнда бір терең философия жатқандай. Адамның өмірін, дүниенің жаратылысын сездіретін секілді. Ал «қара жұмбақ» деген не? Санамақта жасырылған жұмбақтың шешуін қалай табуға болады?
Мына қызықты қараңызшы, сонау ХV ғасырдағы атақты туынды Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабында («Жалын» баспасы, 1996 жыл) осы санамақ бар екен. Өтейбойдақ атамыз да бұл жұмбақтың шешімін табуға тырысыпты. Ол кісі он емес, он екі нәрсені айтады, барлығын да уақытпен байланыстырады. Бабамыздың еңбегі көне қазақ тілінде жазылғандықтан, бір қарпін де өзгертпей беріп отырмыз.
«Бір деулігім – білек,
Екі деулігім – енші,
Үш деулігім – үшке,
Төрт деулігім – төселгі,
Бес дегенім – бесілгі,
Алты дегенім – алқа,
Жеті дегенім – желке,
Сегіз деулігім – саста,
Тоғыз деулігім – торқа,
Он деулігім – ойғақ.
Он бір түбі – жұмдама,
Он екі таппақ құндама.
Мұндағы бір деулігім білек мәнісі – есекқырған алдашылық уағы. Екі деулігім енші мәнісі – таң атып, күн көзі шығуға енші алды – таңертең. Үш деулігім үшке мәнісі – үшке, сәске деп те аталмағы шарт. Төрт деулігім төселгі мәнісі – түс алдашы уағы көрсетілгілік. Бес деулігім бесілгі мәнісі – бала бесікке бөленбек, мал келмек, қиым алдашы уағы көземе. Алты деулігім алқа мәнісі бешін намазын өтеуің шарт делінбегі. Жеті деулігім желке мәнісі бейуақтық алдашылық көземе. Сегіз деулігім саста мәнісі – серке бастаған мал қораланбақ – кеш ұйқаш уағы. Тоғыз деулігім торқа мәнісі – торғын-торқа оранбақ шарт. Ел жатты, мал іңірттемелік шарт. Ұйқаштық іңірт уағы – ел орынға отырған кезі. Он деулігім ойғақ мәнісі – қатаңдық алдашылық уақ. Он бір қара жұмдама мәнісі – ел ұйқыда сезуі, білуі екіталай деулік (ауым уағы). Он екі таппақ құмдама мәнісі – таңжақ. Ерте тұр, сәресі іш тақылеттілер». Сонда Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынша, бір-білек – таңсәрі, екі-енші – таңертең, үш-үшке – сәске түс, төрт-төселгі – түс ауа, бес-бесілгі – түс қайта, алты-алқа – бесін, жеті-желке – бей уақыт, сегіз-саста – қас қарайған шақ, тоғыз-торқа – түн қараңғысы, он ойғақ – түн ортасы, он бір қара жұмдама – ай туып, жұлдыз сөнген шақ, он екі таппақ құмдама – қайтадан таң ата бастаған уақыт болады. Өтейбойдақтың бұл еңбегін ұрпағы Түменбай Ыстанбайұлына аманаттап қалдырғанын білеміз. Міне, сол Түменбай «Шипагерлік баян» кітабын баба аманаты бойынша өз ұлы Нұртайға табыстаған. Табыстап тұрып былай дейді: «Балам, осы ұйқашты (Санамақты – авт.) жаттап ал! Өте-мөте ұйқаштық іздемелік бәйітті жаттап ал! Бірақ сырын айтпа! Қанық болуың саған борыш. Өйткені, әкенің өсиеті». «Сырын айтпа» дегенге қарағанда, санамақтың бұдан да басқа біз білмейтін сыры бар секілді.
Атақты ғалым Ақжан Машани ақсақал да санамақтың құпиясын ашуға тырысқан. Ол кісі санамақтың жұмбағын астрономиямен, аспан әлемімен байланыстырған. Өтейбойдақ құсап санамақтың сырына жеке-дара тоқталмаса да кейбір еңбектерінде аз-маз айтып өтеді. Мысалы, «әл-Фараби және музыка» («Алатау» баспасы, 2011 жыл) атты кітабында: «Жеті дегенім – желке» деген желкеңде көк шөмішті Жетіқарақшы болсын дегені, «он дегенім – оймақ» дегені бірінші Аспан мағынасында болмақ», – деп жазады.
Осы кітаптың тағы бір жерінде:
«Он дегенім – оймақ,
Он бірі ғажап жұмбақ».
Ой-оймақ-аймақ дөңгелек шеңбер. Оған бір қосылса Жаңа Ай басы. Он бірдің дәйекті саны бастамасы. Бұл түсініктер бұл сандар барлық табиғат заңының басы. Осы түсінікте терең сыр жатыр. Бір ғана сөзбен әр санға сипат берген. Осы түсініктерді айтылған сипаттармен салыстыруды оқушыға қалдырамыз» дейді Машани. Ақсақал санамақтағы сандарды сипаттармен салыстыруды бізге аманаттапты.
«Қазақ тілі – жұмбақ, не айтса бәрінің шешуі бар, шешуін білуге тырысу керек» дейді Мәшһүр Жүсіп. Сондықтан, жұмбақтың шешуін бір білсе осылар білер деп бірнеше адамға хабарластық. Өкініштісі, көп адам жауап бере алмады. Ақын Құл-Керім Елемес: «Санамақтағы «оны бір қара жұмбақ» – осы он нәрсенің ұлт өміріндегі ерекше маңызын, мәнін жұмбақ ретінде қорытқан түйін. Бұл он нәрседе халқымыздың өміріне тән тіршілік әрекеті толық бейнеленген, білдірілген. Бабаларымыз осы он нәрсені ұрпаққа санамақ тәсілі арқылы өсиет еткен. Бізге «осыларды біл» деген ишара бар мұнда. Ұлт өмірінде ерекше маңыз алған осы он нәрсені әдейі ұмыттырмай, тарихқа қалдырудың, болашаққа жеткізудің бір ғылыми жүйесі. Бірақ, «оны бір қара жұмбақтың» бұдан да басқа сыры болуы бек мүмкін. Санамақтың соңы «Жұмбағым жұтылды, жолға түсіп құтылды» деп аяқталады» дейді. Ал ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы санамақта пәлсапалық математика жатқанын жорамалдады. «Әр нәрсенің негізінде бір мағына жататыны белгілі. Санамақтың «оны – бір ғажап жұмбақ». Себебі, әрбір сөзінде үлкен ғылым жатыр. Мұнда идеализм мен материализм, автогенезия мен эктогенезия ғажап үйлесім тапқан. Бастысы, «бесік» дәуірінен бастап «оймақ», яғни ғарыштық сана иесіне дейін жетілдіретін дүниенің жаратылысы, яғни эволюция бар. Оймақтың төбесі шұрық-шұрық тесік болып келуінің өзі түрлі ұғымды бідіреді. Соның бірі – жұлдызданған ғарыш. Міне, біздің бабаларымыз қазақтың сөзінің жай сөз емес екенін бес жасар ұрпағына осылайша, ойнатып отырып жеткізген» дейді Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Біз хабарласқан кезде Тыныш аға Астанадағы ауруханада жатыр екен. Сондықтан, әрқайсысының сырын жеке-жеке тізбектеп айтып бере алмады. Бірақ, санамақтың астарында қандай құпия жатқанын жеке мақала қылып жазып беруге уәде берді.
Иә, санамақтың сырын әркім өзінше түсінеді. Діндарлар, сопылар мұның жұмбағын – дінмен, аузы дуалы ақсақалдар өмірмен, тіршілікпен байланыстырыған екен. Алайда, анық жауабы басқа секілді. Түсініп тұрмыз, бірақ тарқатып айта алмаймыз. Байқайсыз ба, біз ата сөзін аңдай алмаған ұрпақ екенбіз? Неткен өкініш!