Ақындар аңсаған «мекен»
Ақындар аңсаған «мекен»
Әр адамның рухы өзіне лайықты мекен іздейді. Әсіресе, ақындар сондай. Әлем халықтарының көбінде аңсау-арманнан туындаған құтты қоныс іздеу ұғымы бар.Біздің Асан қайғы атамыз да желмаясына мініп, мәңгілік жер жәннаты Жерұйықты іздеген. Әлімсақтан бері осылай, рухымыз сапар шегуде, мәңгілік мекен іздеуде. Бірақ іздегені қай мекен? 
 Есейгенде құлын шағың қалған ата мекенге қайтып оралғың келеді. Рух та сол секілді. Әсілінде, жер бетіндегі ең алғашқы адам – Адам атаның рухы жәннатта жа­ралған. Соған қарағанда, біз аңсаған ме­кен жәннат емес пе екен? Неге Асан қайғы шарқ ұрып Жерұйықты аңсады? Қорқыт өлімнен не үшін қашты? Рухы қандай ме­кенге асықты? Бұларды біз қазір кезбедей көріп жүрміз, шындығында екеуі қазаққа тән дүниетанымның негізін қалаған адам­дар емес пе еді? 
Қазір осы «екі кезбе» қалаған ұлы ұғым­ды қазақ ақындары да жалғап жүр. Бірі – мәңгілік мекен іздейді, енді бірінің рухы белгісіз бір жаққа кетуге асығады. Асығып қана қоймайды, соны аңсайды да. Бірінен-бірі көшіріп алғандай бұл қандай байланыс? 
 ...Мен – таулықпын,
Таудан мен жаратылғам, 
Тау деген ана туған, дара тұлғам.
...Тауға барып,
Көкке ұшып кетсем бе екен
Ұстап алып қыранның қанатынан.
(Мұқағали Мақатаев)
 Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге қай бетіммен кектенем.
Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме,
Мұқағали, Төлегенге жетпеген?
(Жұматай Жақыпбаев)
 Сыр бөлісер жан бар ма, қоштар ұлын,
О, адамзат, солмақ па, босқа гүлім?
Айға ұшып кетсем бе сағындырып,
Сырластарым ұқсын деп дос қадірін.
(Дәурен Айманбетов)
 Ақындардың көкке, ғарышқа, тіпті айға кеткісі келуінің астарында не бар? Әрине, әлгі айтқан қазақы дүниетаным, әйтпесе, аспанда біз ұмтылатындай қандай тылсым болуы мүмкін? Аспанды аңсаудың астарында мәңгілік өмірді көксеу жат­қандай. Құтты өлкені аңсаған рух поэзия тілінде төгіп-төгіп жіберген.
Қытайлар өздерін «аспан асты елміз» деп жүр. Неге олай айтатынын білмеймін, бірақ аспанға ең жақын халық біздің қазақ сияқты көрінеді де тұрады. «Қазақтардың ұғымында аспан жұлдыздарының Жер үстіндегі заттарымен байланысы болды» дейді Шоқан Уәлиханов. Аспанға қарап, ауа райын болжаған кім, қазақ. Аспаннан жұлдыз аққанын көрсе өлердей қорқатын кім, қазақ. Содан болар, біздің қазақ «Жұл­дызың оңыңнан тусын!» деп тілек тілейді. Қазақ космология түсініктерінен ада болса, қыздарына Айару, Шолпан деген ат қояр ма еді? 
Біздің ақындардың жырларында тағы бір тосын көрініс бар. Көбі белгісіз, бей­мағлұм жаққа кетуді аңсайды. Ақындары­мыз мына дүниеден безінгенде, жалғыз­дықтан жапа шеккенде, сүйген адамымен жараса алмағанда, бірі қаңғырып, енді бірі басы ауған жаққа сенделіп, тағы бірі сонау алысқа (қайда екені белгісіз) сапар шеккісі келеді.
 Қайтсем екен:
қасіретіңді сенделіп шексем бе екен,
әлде өзіңе тап қазір жетсем бе екен?
Тұрғызып ап төсектен жеті түнде
жаныма ертіп бір жаққа кетсем бе екен?
(Фариза Оңғарсынова)
 Алты аласы, болса да бес бересі,
Серік болар жігіттің жоқ «төресі».
Тұманға да қарамай, бұлтқа да,
Басым ауған бір жаққа кетсем бе осы.
(Есенқұл Жақыпбек)
 Күз келді, өзің де білесің,
Ауылдың оттары тұр өшіп.
Әйнектен қарайды бір елес,
Кетсем бе ілесіп?!
(Мұрат Шаймаран)
 Күллі әлем және сен. Күрең Күн.
Бақшада торыққан торы күз...
Уақытқа жұтылған жұлдыздай,
Қайда ағып барамыз бәріміз?
(Бауыржан Қарағызұлы)
 Күнтізбеде ән салады Ақырап.
Оның да әні, менің де әнім жапырақ.
Ақ қайың тұр күзгі желге тоналып,
Мен де ертең кетсем бе екен жоғалып?
(Бақытгүл Бабаш)
 Арамызда Сезім бар…
Ұяң, нәзік...
(Кетсем бе екен алысқа... Қиянға азып?!)
…Өзіме естелік деп Жүрегіме,
Атыңызды мәңгілік қоям жазып.
(Индира Кереева)
 Жыр жазар ем, жұрттың бәрін таң қылып, 
Тауларды да, бауларды да ән қылып. 
Қазанымды айырбастап қаламға, 
Кетер едім ен далаға қаңғырып.
(Динара Мәлік)
 Белгісіздік халі – үнемі дүние кезіп, белгісіз жерлерді шарлап жүрген Қорқыт атаға тән жағдай. Қорқыт өмірдің өтпелі­лігінен, мәнсіздігінен жерініп, «мәңгі өмір» кешетін мекен іздеді. Дүниені ара­лап, «адам неге туады», «не үшін өледі» де­ген сұрақтарға бас қатыра бастайды. Осы белгісіздік Қорқытты зәу биікке шығарды. Желмаясына мініп, белгісіз жақтарға сапар шегіп, беймағлұм сұрақтарға жауап іздеді. Сөйтіп, өмірдің өзі белгісіз сапар деген қорытындыға келген. Алайда, Қорқыт­ты көбі «өлімнен қашқан жынды» дейді. Бірақ сол жындылық қазақтың жасам­паздығы екенін енді түсініп жатқандаймыз. Асан қайғы да көптің қамына күйзеліп, жұртын жерұйық мекенге жеткізгісі келді, халқын жерұйық мекенге жетеледі. Сөйтіп, пай­ғамбарларға жүктел­ген мис­сия­ны атқарды. Осы жағынан Мы­сырда құлдық кешкен жұртын құтқарып қалған Мұса пайғамбарға ұқсайды. Асан қайғы да қараша қазақ жұртын құтты мекенге жеткізгісі келді, сол үшін өмірден баз кеш­ті, бар қай­ғы, бар уайымы елдің тағдыры, болашағы болатын. Сондықтан да Шоқан Уәлиханов Асан қайғыны «көшпенділер философы» деген. Ал Серікбол Қондыбай «Аспан жыршысы» деп бағалаған. Ғалым­ның «аспан» деп айшықтағанына қарағанда жоғарыдағы ақындардың аспанға асығуы мен Асанның жерұйықты іздеуінің ара­сында тығыз байланыс бардай. Егер, Қор­қыт пен Асан қайғы болмаса «біз кім­біз», «қайдан ке­ле­міз», «қайда барамыз» деген сан сұрақтың шешімін таппаған болар ма едік.
 Жоғалды жыл. Жоғалды ай. Жоғалды күн,
Мен кетерде басыма соғар мұңым.
Мәңгілік пе? Мәңгілік мезетім сол – 
Көкжиектің көзіне қонар күнім.
(Нұрлан Мәукенұлы)
 Бақшасынан бақыттың мекен іздеп,
Қол ұстасып өмірден өтеміз деп.
Маған ақыл айтпаққа ту алыстан,
Өкінішті келгенсің бекер іздеп.
(Мағиза Құнапия)
 Ғашық болып нұр таратқан мекенге,
Махаббаттың шексіз құнын өтеуге.
Өлім күткен өмір соңын көрем деп,
Туған жерді ту қып ұстап кетерде.
(Бақыт Беделханұлы)
 Кетті талай тірлікке есеміз көп,
Көшкен құмдай бір жаққа сусиды адам.
Мәңгі өлмейтін кетейік мекен іздеп,
Жоқтамайды біздерді у-шу ғалам.
(Жұмабай Құлиев)
 Иә, Нұрлан Мәукенұлы уақытын көк­жиек көзіне ұзатып, мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Ал Бақыт Беделханұлы айтқан «нұр таратқан мекен» мен Жұмабай Құлиев келтірген «мәңгі өлмейтін мекен» қандай? Адамдар бақытты ғұмыр кешетін, мәңгі өлмейтін, нұр таратқан мекен бар ма өзі? Өмірде мәңгілік қалпында қалатын, өлмейтін қандай мекен болуы мүмкін? Әри­не, мәңгілік ештеңе жоқ. Мынау жы­быр­лаған дүние де, тіпті адам да мәңгілік емес. Оның қайда екенін Қорқыт та, Асан қайғы да тапқан жоқ. Бірақ, олар сол ме­кенді іздеу арқылы ақиқатты тапты. Сөй­тіп, бізге ол мекеннің о дүние, яғни өлім­нен кейінгі өмір екенін түсіндірді. Асанның желмая мініп жер кезуінен басталған сол сапар әлі де жалғасып келеді.
 «Тіршілікті біз қалай етеміз» деп,
Неше көктем ауысты, неше күз кеп.
Қия бассам кездесем қиянатқа,
Кетсем бе екен күнәсіз мекен іздеп.
(Дәулетбек Байтұрсынұлы)
 Түнегін түріп, түсі кеп,
Жарқ етпей қойды жансарай.
Құлыншақ көңіл кісінеп,
Ақжайлау төрін аңсауы-ай!
(Айнұр Әбдірасылқызы)
 Дәулетбектің «күнәсіз мекені», Айнұр­дың «ақжайлау төрі» не? Ол қандай төр, қандай мекен? Қиянаттан ада, күнәсіз, пәк мекен – бұл бүкіл адамзаттың арманы ғой. Өкініштісі, мұндай мекен мәңгілік өмірде ғана бар. Ақиқаты сол, бәріміз де мәңгілік өмірге – мәңгілік мекенімізге қайтамыз. Қазақтың дүниеден өткен адамға «қайтты», яғни «мекеніне оралды» деп айтуы бекер емес екен. Мына дүниеде бөтен үйде жүр­ген қонақтай асығып, аптығып, тар мекен­ге сыймай долданып, жынданып жүргені­міздің бәрі содан екен-ау! Мәулананың «Әр жол Аллаға апарады» деген сөзі бар. Біздің мүлдем басқа құтты мекенге кеткіміз келуінің астарында сол ақиқатқа жету жатқандай. Ендеше, Асан қайғы, Қорқыт­тар кешкен қиындықтар ақиқатқа жету жолындағы сапар десе болады. Ал біз мы­сал еткен ақындардың жырларынан бай­қа­ғанымыз, қазақ ақиқатты әлі де іздеп жүр екен...
 
Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
9 лет назад 7358
1 комментарий
О блоге
0
40926 43 66 148 41
Прямой эфир