Біркөзділер туралы айтқанда, бірден ежелгі грек мифологиясындағы циклоптар ойға оралады. Гомердің «Одиссейі» естеріңізде ме? Одиссей Полиф деген циклоппен шайқасып, жалғыз көзін ағызып жіберуші еді ғой. Алайда біркөзділер біздер үшін де жат емес екен. Геродот аримаспылар деген біркөзді қауымның болғанын жазған. Тарихтың атасы оларды қазіргі Қазақстанның солтүстік-шығысын скифтерден тарқатады. Белгілі саяхатшы Тур Хейердал да скандинавтардың жалғыз көзді құдайы Одинде скифтің қаны бар деген. Біздің заманымызға дейінгі V ғасырдың ортасында олар Қара теңіз жағалауына барып қоныстаныпты. Содан болар, жалғыз көзді дәулер қазақтың аңыз-ертегілерінде көп кездеседі. Қорқыт ата кітабында да Тепегөз деген біркөзді дәулердің болғаны жазылған. Қазақ дүниетанымында жалғыз көзді дәулер адам аяғы баспаған жерлерді мекендейді деп сенген. Дәулерді алып денелі, жалғыз көзді, түкті құбыжық кейпінде елестеткен. Үңгірде өмір сүретін, адам етін жейтін қара күш иесі, қатыгез кейіпкер деп білген. Ал парсылар жалғыз көзді құбыжықтарды ібілістің бір түрі деп санаған. Міне, осы ібіліске ұқсас бұрынғының мифологиялық кейіпкері бүгін мультфильм кейіпкеріне айналды. Мысалы, «Спанч Боб», «Құбыжықтар корпорациясы», «Құбыжықтар мен жатжерліктер шайқасы», «Миньондар», «Лерой мен Стич», «Футурама» секілді мультфильмдердің бәрінде біркөзді кейіпкерлер бар. Былай қарағанда, оғаш ештеңесі жоқ, қиялдан құралған құбыжық қана секілді. Бірақ осы біркөзді кейіпкерлердің балаларымыздың санасын ұрлап жатқаны анық.
1999 жылы «Nickelodeon» телеарнасы шығарған «Спанч Боб» мультфильмін балалардың бәрі біледі. Осында Шелдон Планктон деген біркөзді кішкентай кейіпкер бар. Өзі биттің қабығындай бола тұрса да, бір басына жетерлік қулығы бар. Планктонның бар білгені – Мистер Крабстың кәсібін тартып алу. Негізінде, Планктон мен Крабс бұрын ажырамас дос болған. Планктонның «Чам Бакет» мейрамханасы бар. Алайда өзінікіне қарағанда досы Крабстың мейрамханасынан қонақтар үзілмейді. Сөйтіп, ішін қызғаныш қарып, Крабстың крабсбургер дайындау құпия формуласын қолды қылуға әрекеттенеді. Осылайша Крабсты тақырға отырғызып, мейрамханасын тартып алмақ болады. Планктонның іші қызғаныш пен кекке толы. Өз мақсатына басқаларды алдаумен жеткісі келеді. Ал осыны көрген бала Планктонның әлгі қасиетін жұқтырып алмасына кім кепіл? Ол да ертең біреудің ақысын жегіш, өзгенің ала жібін аттағыш, қызғаншақ болып тәрбиеленсе, оған кінәлі осы мультфильм. Мультфильм дейміз-ау, дұрысы «балам тыныш отырса болды» деп телеарна алдына телміртіп қойған ата-ана кінәлі. Жалпы алғанда, «Спанч Боб» мультфильмі кейіпкерлерінің дені дұрысы жоқ. Балаларды алаңғасарлыққа, бұзақылыққа тәрбиелейді, мінез-құлқын бұзады. Мультфильмде гомосексуализмнің де ұшқыны бар. Мысалы, Боб пен Патрик (екеуі де ер) бірге қол ұстасып жүреді, бір төсекте жатады. Тіпті бір сериясында екеуі бірлесіп (бірі әкесі, бірі шешесі болып) бір жәндікті асырап алатыны тағы бар. Осыны ескерген біздің Балалардың құқығын қорғау комитеті бір кездері «Спанч Боб» мультфильмін арналардан көрсетпеу керек деп жар салып еді. Онысынан ештеңе өнбеді, ешкім құлақ аспады. Тіпті қас қылғандай телеарналар таңды таңға ұрып қайталап беріп жатыр. Соған қарағанда, біздікілер баласының болашағына бас қатырғысы келмейтін сияқты.
2002 жылы Disney студиясы «Құбыжықтар корпорациясы» мультфильмін өмірге әкелді. 2013 жылы «Құбыжықтар университеті» деген тағы бір сериясы шықты. Мультфильмнің желісі Монстрополис деген параллельді әлемді мекендейтін құбыжықтар жайында өрбиді. Олар балалардың қорқып шыңғырған дауысынан өздеріне қажетті электрэнергиясын алады. Құбыжықтардың негізгі мақсаты да осы – балаларды қорқыту. Мультфильмде негізінен, екі кейіпкер бар. Бірі – қорқытудың хас шебері Джеймс Салливан және оның көмекшісі Майк Вазовский.
Вазовский аласа бойлы, жалғыз көзді құбыжық ретінде суреттеледі. Басында кішкене мүйізі, қол-аяғы бар. Денесі түгелдей бас іспетті. Вазовскийді мейірімді кейіпкер етіп көрсетуге тырысқан. Осылайша, біркөзді құбыжықтарды балалардың санасына қорқынышты емес, сүйкімді кейіпкер етіп сіңіруді мақсат тұтқан. «Құбыжықтар корпорациясында» Вазовский көбіне өзімшіл, өзін-өзі жақсы көргіш ретінде көрінеді. Бүкіл әлемге танымал болғысы келеді. Буды (кішкентай қыз) тезірек үйіне аттандырып, Саллиден іргесін аулақ етуді қалайды. Мұнда да қызғаныштың қызыл иті арсалаңдап жүр. Көп сөйлейді, жиі ашуланады. Мақтаншақтығы да бар. Өйткені өзінің кішкентай машинасын басқаларға мақтанамын деп быт-шытын шығарған. Алайда өзін өзгелерге жаны ашығыш, мейірімді етіп көрсеткісі келеді. Вазовский мен Саллидің қарым-қатынасында да гомосексуализмнің ұшқыны байқалады. Алайда мультфильмде Вазовскийге ғашық бір кейіпкер бар. Ол – Селия. Ол да жалғыз көзді құбыжық. Шаш орнында жыланы бар медуза. Вазовскийдің түсінің жасыл, басында мүйізі болуы да ойландырады екен. Мұсылмандар үшін жасыл түс – қасиетті, ал мүйізді ібіліс, жалғыз көзді тажал – қаскөйлер. Кім біледі, мультфильмдегі жалғыз көзді құбыжықтар тажал мен ібілістің кішкене көшірмелері болуы да мүмкін ғой. Олар талай баланы теледидар алдына үйіріп қойып, оп-оңай «тәрбиелеп» отыр.
(Жалғасы мына жерде)