«Головоломка» қандай мультфильм?
«Головоломка» қандай мультфильм?

Киноны білмеймін, қазір әлемдік мультфильм қатты дамып келе жатыр. Әсіресе, Pixar студиясының өнімдері сұмдық! Былтырғы «Город героев», биылғы «Головоломка» соның дәлелі. Абай атам айтқан қайрат, ақыл, жүректің айтысын неге бір қазақ мультик қылып түсірмейді екен деуші едім. Мыналар түсіріп қойыпты. Ғылым келіп үшеуіне «Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта» деуші еді ғой. Ал мына мультикте басты кейіпкер – Мұң. 
Мультик негізінен Райлидің (кейіпкер қыз) бойындағы (басындағы деп береді) эмоциялық қасиеттердің таласы жайлы. Райлидің өмірінде тек қуанышты сәттер қалдыруға тырысатын Қуаныш, жақындап кетсе қайғыға салатын Мұң, бәріне байыппен қарайтын Кірпияз (дұрысы Жиіркеніш болар), қит еткеннен төбе шашы тік тұратын Қорқыныш, ашуға тез бойы алдыратын Ыза, міне осы бесеуі байқұс қызды бес жаққа тартады.
Қуаныш адамдағы ең керемет сезім өзі деп ойлайды. Басқаларымен, санасқысы келмейді. Сол оймен Мұңды ығыстырмақ болады. Сөйтіп жүріп, қызық жағдайға тап болады (қандай жағдай екенін өздеріңіз көргендеріңіз жақсы).
Шындығында, көбіміз Қуаныш бар жерде Мұңның қажеті қанша деп ойлаймыз ғой. Алайда, Энштейннің «Қараңғылық дегеніміз – жарықтың жоқтығы» дегені бар. Сол сияқты Мұң жоқ болса Қуаныштың не екенін білмейді екенбіз. Яғни, Қуаныштың жоқтығы Мұң екен. Ал Қуаныш пен Мұң бірдей жоғалса не болады? Онда адамның бойын Қорқыныш, Ыза, Кірпияз секілді қалған сезімдер басқарып кетеді екен. Мультфильмнің негізгі идеясы міне осында, адам бойындағы қасиеттердің таласына құрылған.
Айтайын дегенім, естияр балаңызды ертіп «Головоломканы» көру керек екен. Мультикте әзіл де бар, ой да бар. Бала міндетті түрде одан сабақ алады. Ең құрығанда балаңыз өз қателігінен сабақ алуды үйренеді. Бала ғана емес-ау, үлкендер де көрсе артық етпейді деп ойлаймын...

 

 
Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
9 жыл бұрын 7269
2 пікір
  • тың дүние
    9 жыл бұрын
  • Маманретінде айтар болсам пиксарлықтар мультфильмнің шегіне жетті. Тақырып, көркемдік сапа, анимация бойынша да. Ең бастысы олар әлемдік деңгейде ойлап, ғаламдық жаһанданудың алғы шарттарын шешу мәселесіне кірісіп кеткенін көреміз. Оларда кәсіби ұйым жұмыс жасайды. Біз де жетер едік, егер мамандарымыз жұмыспен қамтылып, менеджмент, маркетинг жүйесін жолға қойсақ. Бұл енді басқа тақырып. Өнерліден үйрену керекпіз, ұлттығымызды көрсету үшін!
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
40926 43 66 148 41