Сұлтанмахмұтты сектант дейтіндер кімдер?
Сұлтанмахмұтты сектант дейтіндер кімдер?

...Інім үйге ән дискін алып келді. Көшеде кездескен біреу сөмкесіне салып жіберіпті. Дискінің сыртында қазақтың домбырасы мен торсығы бейнеленген.  «Рухани әндер» деген жазуы бар. Дисктің ішінде әр әннің мәтіні жазылған парақша бар. Парақшаны ақтара бастап едім, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңіне көзім түсті.

Әркімдер-ақ сұрап жүр Ғайса кім деп,
Кейбіреулер: пайғамбар – Ғайса демек.
Ашылмайтын бұл әлі құпия сыр,
Сондықтан, түсіндірме бергенім жоқ...
Егер де бәріне айтсам Ғайса – сол деп,
Найза ұшында өлтірер мені түйреп.
Жемтігімді көмуге бермей рұқсат,
Өлімтіктей  тастар еді итке сүйреп.
Ғайсаның туы айтады: бері жүр деп,
Сенбейтін кейбіреулер бұған күлмек.
Ғасыр бойы алысқан дұшпандарды,
Маңдайыма дақ салмас оны күндеп.
Ұстара Ғайса тілі, әділ тілмек,
Асауды жуасытар тірі жүндеп.
Қиянатшыл замандар өтсе-дағы,
Ғайса жолы мәңгілік өмір сүрмек.
(С.Торайғыров, 1919 ж.)

Дискті жалма-жан компьютерге сүңгітіп жіберіп, тыңдап көрдік. Мына қызыққа қараңыз. Өлеңге ән жазыпты. Оны қазақ қызы домбырамен құйқылжыта шырқап тұр... Ертеректе ақынның «Гүләйім» атты өлеңін оқығаным бар-ды.

Он беске Гүләйімнің келген жасы,
Жібектей үлбірейді маңдай шашы.
Ақ торғын екі беті құлпырған нұр,
Алланың бір жаратқан тамашасы.

Сұлтанмахмұт сұлудың сынын әдемі суреттейді. Ақын «Алланың» деп айрықша атап өтетін. Ақынның «Алты аяқ» өлеңін оқиық. Теңізден қайықпен өтпек болады. Бірақ, қайығы аударылып, суға кете жаздайды. Қолына ілінген талға жабысып аман қалады. Сол сәтті Сұлтанмахмұт:

Кез қылды ма Құдайым,
Ажалсыздың жолына.
Талдан ұстап қармалап,
Судан шықтым «Аллалап».
Суық өткен, шаршаған,
Бола ма, адам, болмай ма?
Соққы жеген қаншадан,
Дауасы яки қонбай ма?
Дауа тегін, ем тегін,
Қайтарт Алла, еңбегін.

Осы шумақтың өзінде «Алла» сөзі бірнеше рет қайталанады. Сол сияқты, «Өмірімнің уәдесі» өлеңі де «Оллаһи! Ант етемін Алла атымен» деп басталады. Демек, Сұлтанмахмұт дінді, Алланы жоққа шығармады. Керісінше, оны жырларында ұлықтап, мадақтап отырады. Міне, дәлел.

Ислам деп қазағымның айтсам дінін,
Дос тұрсын, дұшпан таппас оның мінін.
Негізі ақылменен сонша үйлесер,
Мін іздеп қозғай алмас ешкім тілін.
Мақсаты: адам ұлын бақты қылмақ,
Дінімнің байқасаңыз ішкі сырын, – дейді ақын.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайды кришнаит қылғанымыз кеше еді. Енді, міне, Сұлтанмахмұттың «Ғайса кім?» өлеңіне жармасып, ақынды сектант етіп көрсетіп жатқандар бар. Осы жағдайды Арап Еспенбетовке айтып бердік. Мұны естіген ағаның ашу келді. Ұзақ жылдар Сұлтанмахмұт шығармаларын зерттеген ғалымға бұл ақпарат оңай тимесе керек.
– Қазақ әдебиетінің тарихында өзгеше орны бар қаламгердің бірі – Сұлтанмахмұт, – деп бастады Арап аға. –  Заманында қазақ ұлтының оянуына, теңсіздікке, тәуелсіздікке жетуіне өзінің барша шығармасымен қызмет еткен адам – осы Сұлтанмахмұт. Ақын 1910-13 жылдары жазылған «Дін», «Соқыр сопы», «Сары бас» дейтін өлеңдерінде дін мәселесін қозғайды. Осы арқылы қазақ халқының сол кездегі көзқарасын, болмыс-бітімін сөз етеді.
– Осы өлеңдеріне қарап Сұлтанмахмұтты атеист дейтіндер де бар екен. Бұған не дейсіз?
– Кеңес дәуіріндегі әдебиет зерттеушілеріміз, философтарымыз бұл мәселені біржақты түсіндіріп келді. Бірақ бұдан Сұлтанмахмұтты дінсіз екен деу­ге болмайды.
– Ақынның «Ғайса кім?» деген өлеңін көрген мәсіхшілер «Сұлтанмахмұт – мәсіхші» деп мәз болып жүр. Осы өлең жайында не айтасыз?
– «Ғайса кім?» туралы өткен ғасырдың 60-жылдары да талас пікірлер болды. Мұрат Дүйсенов, Темірбек Қожакеев, Кәрібай Шәменов сынды ағаларымыз алуан пікір қозғады. Олар «Ғайса кім?» деп сұрақ қойып, Ғайсаны жеке бір адам ретінде көргісі келді. Біреуі Ғайса деп – Ленинді, біреуі – Марксті, біреуі – социализмді айтқан. Бұра тартып, әрқайсысы өзінше түсіндіргісі келді.
– Сіздіңше, Сұлтанмахмұт айтқан Ғайса кім?
– Ғайса – бұл символдық образ. А.Блоктың «Он екі» поэмасында да Ғайса бар. Сұлтанмахмұт символдық образ арқылы әділеттің, жақсылықтың, ізгіліктің барлығының жиынтығын Ғайса пайғамбар деп ұққан. Бұл – ақынның өзінің түсінігі. Ол үшін біз Сұлтанмахмұтты ешқандай да кінәлай алмаймыз. Ол жеке бір адамды, жеке бір ілімді алып отырған жоқ. Жалпы әділет дейтін ұғымды өзінше айтуға тырысқан.
– Ал мәсіхшілердің өлеңді бұра тартуын қалай қабылдауға болады?
– Ондай ағымдар бізде болған жоқ. Оның барлығы қазір келіп біздің бар дүниелерімізді өзінше бұрмалап, басқаша алып кеткісі келеді. Біз оған үнемі тойтарыс беруіміз керек.
«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам!». Осылай деген ақынды мәсіхші қылуға құмартып жүрген – «Шығыс сәулесі» мәсіхшілер ұйымы. Дисктің сыртында солай жазылған. Мұқабада көрсетілген сайтқа кірдік. Қазақ тілінде екен. Көрсеңіз таңғаласыз! Діни әңгімелер, уағыздар, балаларға арналған ғибраттар, неше түрлі байқаулар, әндер, өлеңдер, діни кітаптар... Самсап тұр! Тіпті бұл жерден мәсіхшілер шығаратын «Ақиқат таңы» және мәсіхші балаларға арналған «Шарапат» журналын жүктеп алуға мүмкіндік жаратыпты. Сайтты шарлап отырып мекен-жайын тауып алдық. Хабарластық. Телефонды әйел адам көтерді.
– Сәлем бердік! Сіздерден шыққан Рухани әндер жинағын бастан-аяқ тыңдап шықтым. Сұлтанмахмұттың өлеңіне ән жазыпсыздар...
– Иә, бір келіншек жазған, қазір жоқ.
– Әнді кім орындап жүр?
– Дәл кім екенін білмей тұрмын, бір қыз.
– Ал өлеңді қайдан алыңыздар?
– Қыздар кітапханадан көшіріп жазып әкелген.
– Сонда сіздерше Сұлтанмахмұт мәсіхші ме?
– Сіз өзі қай қауымнансыз?
– Қауымнан емеспін, жай білгім келген...
– Сізге ондай мәлімет бере алмаймын... (телефон байланысы үзіліп кетті де, қайта хабарласу мүмкін болмады).
Ән жинақты әрі қарай тыңдадық. Әдемі дауысты қазақтың әнші қызы. «Осы жалған» деген әнді шырқап тұр.

Тәңірден келген үш кітап-ай, шындықтың бетін ашқандай,
Сол кітапты оқыған Құдайдың жолын тапқандай.
Келетінін Исаның Тәурат, Інжіл баяндап,
Дайын бол деп халқыма Құдай бүгін ашылды-ай.

Әріден-беріден жинап-терген ырғақ-ұйқасын былай қойғанда, мәтіннің мәнінің өзі дұрыс емес. «Тәңірден келген үш кітап» дей тұрып, Құранға қарсы болады. Сөйте тұрып: «Тастама Иса, тастама, Мұсылман атты бауырымды» деп, мұсылмандарды «адасқандар» дегісі келеді. Қамқорлық танытқансиды. Ара-арасында «Шақырған бізді шаттыққа толы, Қазағым, елім – Исаның жолы» немесе «Құдай сонша жақсы көрді қазақ даласын, Ол жіберді Өзі сүйген баласын» деп қосып қояды. Қазақты қолпаштаған түрі. Мұндағы әуендер шамасы қазақ әндерінен ұрланса керек. «Тербетеді әуен», «Қуанам Құдайымды тапқаныма» деген әндердің қазақ әндерінің бірінен жырмыштап ұрланғаны анық байқалады. Еске түсіре алмадық. Әйтеуір таныс әуен. Әншілердің қай-қайсысының да дәстүрлі әннен хабары бар. Дауыстары да әдемі. Тек, қор болған қайран домбыра дейді екенсің! Миссионерлер енді қазақтың музыкалық құндылығына ауыз сала бастағандай. Қазақтарды сектаға тартудың оңтайлы әдісі осы болса керек. Ән тыңдамайтын, әу демейтін қазақ жоқтығын да бұлар әбден зерттеген екен.

Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
10 лет назад 13723
3 комментария
  • Серікбол мырзаның кезекті зерттелген талдау мақаласы. Өте жақсы. Мәсіхшілердің бетпердесін ашып беріпсіз. Ғаламторда да домбырамен қазақша ән айтқан жігіттер жүр. Әндерінің мәтінінің бәрі Исаны құдай ретінде көрсетіп, өздеріне жақындату. Домбыраны қару ретінде қолданып жүргендей.
    10 лет назад
  • Біріншіден, ислам діні бізге жетінші ғасырда зорлық зомбылықпен енгізілген! Оның алдындағы ата бабаларымыздың діні зороастризм мен тенгризм, шаманизм болған. Кейбір рулар тіпті мәсіхші болған. Екіншіден, "араб болу" мен қазақ болудың арасында үлкен айырмашылық бар. Үшіншіден, әндердің әуені ешқайдан ұрланбаған. Әндердің бір біріне ұқсас келетіні рас, сәл ұқсастық болса, "ұрланған" деп жалған айтудың қажеті жоқ. Мәсіхшілер ешқандай сатқын емес, қайта өз ұлына жаны ашыған жандар. Тәңіріміз туралы домбырамен айтпағанда немен айтамыз? Олардың өміріне қарап, жақсы жақтарын көру керек. Киелі кітабымыз (Таурат, Забур, Інжіл) қазақ тілінде. Насихаттайтынымыз өз ара сыйласымдық, еліміздің амандығы мен бірлігі үшін мінажат етіп, Құдайға жалбарыну. Айналайын, бізді бөлмеңдерші. Өмірлерімізден бәлені аңдымай-ақ қойыңыздар. Араласайық, пікір алысайық. Бірден бізді жаман етіп қою дұрыс емес қой.
    10 лет назад
    • ата бабамыз біздің Тәңір деп жүргеніміз Аллаһ екен ғой деп Ислам дінін қуана қуана қабылдаған.
      біліңіз Ислам дінінде ешқандай зорлық жоқ. Исламды қабылдайсыңба, қабылдамайсыңба өз ісің.
      киелі кітаптар Зәбур, Тәурат, Інжіл адамдар қолымен бұрмаланған,
      жаңалықтан көрсеңізде болады, Інжілдің ескі нұсқасы (теріден құралған кітап) Түркия елінен табылған,
      Мұхаммед пайғамбарымыздың пайғамбар екеніне сілтеме:

      ол Алланың қалауымен Айды қақ жарған ( тіпті қазіргі ғалымдар айдың бетінде жарылған сызықтың барын анықтаған, жаңалықтан көрсеңіз болады)

      пайғамбарымыз Мұхаммед бір құмыра секілді іші бос тостағанды еңкейткенде су шыққаны, одан біраз сахабалардың дәрет алғаны, тіпті ішкені жайлы сахих хадистер бар.

      мешіт ішінде ылғи бір талға арқасын сүйеп уағыз айтатын пайғамбарымыз Мухаммадқа, сахабалар мінбер жасап бергені бар, сол мінберге жақындай бергенінде, табиғат заңдылығын бұзған жаңағы ағаш зар еңіреп дауыстап жылағаны бар, бұлда сахих хадис.

      пайғамбарымыз Мухаммад мен Әбу Бәкір бір жерде отқанында, бір әйел кісі қолына тас ұстап екеуі отқан тарапқа қарай жөнеледі, сөйтіп Әбу Бәкірмен тілдесіп, пайғамбарымыз жайлы ауыр ауыр сөздерді айтып кетіп қалады, сөйтіп Әбу Бәкір атамыз Пайғамбарымызға жаңағы әйел сізді көрмедіме деп сұрақ қояды, ол кісі жаңағы әйел келе бергенінде, Аллаһ Тағала бір періштені түсірді. ол періште қанатымен мені көмкерді деп жауап берді.

      пайғамбарымыз туылған жыл піл жылы деп аталғанының себебі, бір патша піл мен адамдардан құралған әскерімен қағбаны қиратуға барады, солақ екен қағбаға жақындай бергенінде, аспанды бұлт басқанындай көптеген құстар жиналады, ауыздарында оттан болған тастар, сол тастар әскердің үстіне жаңбырша жауады, содан әскер қирайды, бұл жайлы құранда әдемі сүре бар.

      пайғамбарымыз бен Әбу Бәкір сахаба меккелік мүшіріктерден жасырыну үшін бір тесігі кең емес үңгірдің ішіне жасырынады, сол ақ екен бір өрмекші сол үңгірдің тесігіне толықтай жібін өріп тастайды.

      айта берсек өте көптеген кереметтер болған,
      құранның өзінде қазір ғылымда ашылып жатқан жаңалықтарға сілтеме аяттар толып жатыр.

      Тәуратты ұстанушылар біз Алланың балаларымыз дейді, Аллаһ кешіреді ғой дейді де өсімді емін еркін жасай береді.

      Аллаһ Тағала сізді жаратып тұр, енді ойлаңыз, сізді жаратқан Зат бір нәрсеге мұқтаж ба, оның баласы қалайша болады?
      ол асанды жаратты, Аллаһ аспанда дейтіндер сол ғарышты көрді, және зерттей келе ғарыштың шегінің барын да анықтады, шек болу үшін әуелі сол затты Құдай жасау керек, сонда ғана оның шегі болады, сонда қалай Аллаһ аспанда болады?
      Аллаһ Тағала бұны дін келмеседе түйсігімізге салып қойған.

      қорыта келгенде Алланың алдында қабыл болатын тек бір дін ғана бар. ол Ислам
      3 года назад
О блоге
0
40926 43 66 148 41