Мінезі жібектей, жұмысына тиянақты адамдар болады. Бірақ мұсылман емес. Уәдесіне берік, жауапкершілігі мол, үнемшіл адамдар бар. Алайда, мұсылман емес. Еңбекқор, идеясы мол, жаңашыл, ғылымда үлкен жетістікке жеткен. Кірпияз, көшеге қоқыс тастамайды. Әттең, бірақ мұсылман емес. Енді осы мұсылман еместерді кейбір мұсылмандармен салыстырып көрейікші. Біз, мұсылмандар, құлшылыққа мән беретін шығармыз, бірақ айтқан уәдеде тұрамыз ба? Жұмысқа салғырт қараймыз, ғылымда артта қалып жатқанымыз бәлки содан шығар. Өзіміз мұсылман бола тұра, шаш-етектен шашылып ысырапқа барамыз. Дәрет-ғұсылға барынша берікпіз, бірақ көше тазалығын сақтай бермейміз. Бір ғана мысал, менің қиялымдағы Арафат деген нұр шашқан тау сияқты болатын. Сондағы әр жерде шашылып жатқан қоқысты көргенімде, жүрегім қан жылап кетті. Неге бұлай? Сауд Арабиясына барсаңыз, тамақ ішіп отырған дастарқанынан аттап өтетін, жеп отырған нанын қоқыс жәшігіне тастай салатын мұсылманды кезіктіресіз. Ал мұсылман емес елдерде қалай? Оларда мәдениет бар, әдеп бар. Сонда қайсы мұсылман?
Мысырдың бір шейхы Еуропаға барыпты. Қайтып келгеннен кейін айтқаны мынау екен. «Еуропада исламды көрдім, алайда мұсылмандарды кездестіре алмадым. Ал бізде (авт. Мысырда) мұсылмандар бар екен, бірақ ислам жоқ». Расында, мұсылмандар мен исламның қандай айырмашылығы бар? Бүгінгі мұсылман емес халықтардың бойынан мұсылмандық сипаттың көрінуі нені білдіреді? Осындай сұрақ қойсаң болды жұрт бірден «Бәлкім, бұлардың арғы аталары мұсылман болған шығар?» дейді. Шынында, солай ма?
Ел арасында орыстардың арғы аталары мұсылман болған деген әңгіме жиі айтылады. Мысалы, княздар Федор Иванович Мстиславскийдің сауыты мен Андрей Старицкийдің қанжары, Иван Грозныйдың, Александр Невскийдің дулығаларын қарасаңыз, арабша жазуларды, анығында Құран аяттарын көресіз. Өзі христиан адам неге сауыт-сайманына аят жаздырған? Алайда, көп адам бұған иланбайды. Кім біледі, татар, ноғай секілді мұсылман халықтарын басып кіргенде, олжалаған болар. Немесе мұсылмандардың патшалары орыстарға тарту етуі де мүмкін ғой. Бірақ нақты дәлелдер де бар.
ІХ ғасырда өмір сүрген орыс саяхатшысы Афанасий Никитин өзінің «Хождение за три моря» кітабында: «Олло акберь, акши худо илелло акши ходо, иса руход ааликсоломъ; Олло акберь аилягяила иллелло, Олло перводигерь ахамду лилло шукуръ худо афатадъ; бисмилна гирархмамъ ррагымъ. Гирь помоги рабу своему», – деп жазады. Осы кітапқа орыс шіркеулері әбден шүйліккен. Тіпті бірқатарын өртеп те жіберген. Осыған қарағанда, бір кездері орыстардың тілін кәлимаға келтіргені белгілі болып отыр. Владимир Путиннің өзі бір жерде қызды-қыздымен: «Православие ближе к исламу, чем к католицизму» деп айтып қалды. Путин неге бұлай деді? Оның айтқаны рас нәрсе, өйткені православтардың бетін тырнасаң, ар жағынан мұсылмандарды көресің.
Рас, православтардың діни түсінігі бұрын мүлдем бөлекше болатын. Билікке Романовтар әулеті келген кезде, ортодоксальды христиандықты ұстанатындардың қолтығына су бүркіп, дін саласында төңкеріс жасады. Ескі сенімдегі адамдарды әбден қудалады. Бағынбағандарының басын шапты. Деректер бойынша, сол кезде 20 мыңдай адам «жаңа дінді қабылдағанша, өлгенім артық» деп өздерін өртеп жіберіпті. Осылайша жаңа дінді күштеп тықпалады. Тепкіге көнбегендері, орман-тоғайды паналап бытырай қашты. Мына қызықты қараңызшы, ескі дінді ұстанған сол халық әлі де бар екен. Біз оларды Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласына барған сапарымызда көрдік. Оларды жергілікті жұрт «староверлер» дейді. Рас, бүгінгі староверлердің христиандардан айырмасы аз. Біраз, арғы аталары ұстанған дін исламнан айнымайды екен.
Риддер тарихи өлкетану мұражайынан жайнамазға, таспихқа ұқсайтын қызық жәдігерлерді көрдік. Сөйтіп, бұлардың не екенін мұражай маманы Елена Путенцевадан сұрадық. «1654 жылы Романовтардың тапсырмасымен Патриарх Никон орыс православие шіркеуіне реформа жасады. Мәскеулік діни кітаптар XVI ғасырдағы грек кітаптарымен сәйкестендірілді. Константинополь Соборының пәтуасы бойынша, саусақпен шоқынудың өзгеше ережесі бекітілді. Мұның соңы орыс монастырларының пайда болуына әкеп соқтырды. Никонның атсалысуымен 1655 жылы Успен соборы салынды. Міне, осы діни реформаға кейбір орыс шаруалары түбегейлі қарсы болды. Жаңа дінді күштеп мойындатуға көнбеді. Сөйтіп бірі – Польшаға, енді бірі – Белоруссияға, тағы бірі Алтай Республикасына қоныс аударды. Реформаға қарсы шығып, үдере көшкен сол топ «староверлер» деп аталды. Олардың өзге православтардан өзгешелігі болатын. Православтар құдайға құлшылық еткенде иіліп қана тағзым қылады. Ал староверлер болса «подстилкаларды» жерге төсеп, маңдайын соған тигізеді. Егер старовер өзін күнәһар сезінсе, күніне мың рет осылай кешірім сұраған. Староверлер де мұсылмандар секілді таспих ұстады. Оны «листовка» деді. Листовканың парақшаларын санап отырып, дұға оқыған» деді мұражай қызметкері. Шынында, подстилка дегендері – жайнамаз, листовкасы таспих қой. Бұлар мұсылмандардың мүлкі емес пе еді?
Негізінде, кержак атауы «керженец» сөзінен шыққан. Нижегород губерниясында Керженец өзені бар екен. Бұлардың көпшілігі сол жерден тараған. Мұражай маманының айтуынша, Риддердегі кержактар Ресейден Алтайға ауғандардың тұқымы екен. Бұлардың болмысының өзі қызық. Саяқтау өмір сүргенді қалайды, бөтен діндегілермен сөйлеспейді. Өздерінің сенімдерін ғана құрметтейді. Ерлері сақал қойып, әйелдері орамал тағады екен. Жаулықты кеудесін жабатындай қылып түсіреді. Мұсылмандар сияқты бұлар да құлшылық алдында дәрет алады. Кітаптарында «Молитесь чистыми руками» деп жазылған. Соңында манағы листовканы тартып отырып, дұға қылады. Бір қызығы, кержактар картоп жемейді екен. Картопты «шайтанның алмасы» деп есептейді. Шәй орнына, қайнаған су ғана ішеді.
Ұлттық киімге қатты мән береді, көбіне ашық түсті киім киеді. Әйелдері ұзын сарафан, сәнді көйлек киеді. Тіпті түнде де орамалын басынан тастамайды. Ешқашан шалбар кимейді. Ерлері ешқашан сақалын қырмайды. Ұзындығы тізеге дейін жететін жейде, биік жұмсақ етік киеді. Галстук таққанды өлердей жек көреді. «Иуда повесился на веревке» деп, галстук таққандарды Иудаға ұқсағысы келгендер деп есептейді. Керісінше, белбеуге қатты мән береді. Ел алдына белбеусіз шығуды күнә деп түсінеді. Белбеусіз жүруді шектен шығу деп қабылдайды. Ішімдік ішу, темекі тарту, абортты үлкен күнәлар қатарына жатқызады. Кержактар, тіпті өркениеттің жетістіктерін көзге ілмейді. Интернет, тіпті теледидар қолданбайды. Оралхан Бөкей: «Біздің Алтайда Кеңес өкіметінің орнағанын елуінші жылдары естіген кержақтар бар» депті. Соған қарағанда, бұлардың саясатқа да қақ-соғы жоқ.