– Мына кісі мұнафиқ екен, – деді салған жерден.
Оқушы баланың бұлай сөйлегеніне денем тіксініп кетті.
– Оны қайдан білесің? – деппін сасқанымнан.
Баланың да тіксінетін түрі жоқ.
– Абай Құнанбаев айтқан! Бізге Абайтану пәнінде солай түсіндірді, – деді.
– Сен ол сөздің мағынасын білесің бе өзі?
– Білем, діни білімі жоғары адамды мұнафиқ дейді. Сенбесеңіз, Абайдың кітабын оқып көріңіз, – деп қойын дәптерінің бір парағын жыртты да, баттиған әріптермен кітаптың атын жазып, қолыма ұстатты. Содан не керек, әлгі кітапты алуға асықтым.
2011 жылы Алматыдағы «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген екен. Кітапты осы баспаның редакторы Альмира Сужикова құрастырыпты. Аңдатпасында «жинақ мектеп бағдарламасына сәйкес құрастырылып, оқушылардың қосымша құрал ретінде пайдалануына арналған» деп жазылыпты.
Жинақты парақтай бастадық. Ә дегеннен-ақ ақынның туған жері, туған күні туралы жаңсақ мәлімет келтіреді. Абай Сырт-Қасқабұлақ деген жерде, 29-шілдеде дүниеге келген дейді. Ал мектептің әдебиет оқулығында ақын Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында, 10 тамызда дүние есігін ашқан деп жазылып жүр. Сонда деймін-ау, бір мектеп, бір сабақта бір адамның туған жері мен жылын екітүрлі етіп таныстыру неге керек?
Жинақты әрі қарай парақтадық. Мына масқараны қараңыз. Абайдың «Алланың өзі де рас сөзі де рас» өлеңіндегі түсініктемеде қате жүр. Қате болғанда да өрескел қате.
Мүмін болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол,
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.
Мұндағы мәселе «мұнафиқ» сөзінде болып тұр. Қай қазақтан сұрасаң да мұнафиқ деп екіжүзді адамды атайтынын жаңылмай айтып береді. Демек, Абай бұл жерде «иманды болғың келсе, Аллаға шынайы сен, мұнафиқ құсап елге мұсылман көрініп, сырт айналғанда кәпірдің ісін жасап екіжүзділік танытпа» дегенді айтқысы келген шығар. Ал кітапта «Мұнафиқ – терең діни білімді адам» деп түсіндірме берілген. Сонда «ғұламаның қылған намазы белгілі ғой» дегендей күмән шығып отыр емес пе? Осы өлеңдегі:
Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хуснизән мен иманды білді ойлаған, – деген жолда да осындай сорақылық. «Хуснизән» сөзін де «терең діни білімді адам» деп түсіндіріп қойыпты. Негізінде бұл сөздің мағынасы «жақсы ниет, көркем ой, дұрыс пікір» дегенге саяды. Діни білімді адамға түк те қатысы жоқ. Соған қарағанда кітап авторлары өздері түсінбеген сөздердің мағынасына үңілмей, «әй, бұл да болса терең діни білімді адам шығар» деп олпы-солпы қарай салған сияқты. Өздері білмегенімен қоймай, енді еліміздегі мектеп оқушыларына да Абайды осылайша «танытып» жатқанға ұқсайды.
Әрі қарай парақтадық. Кітаптың 57-бетінде «Бала туса, күзетер шілдахана» деген тармақ бар. «Шілдахана» емес, «шілдехана» шығар. Осы беттегі «қарны тоқ қаса надан ұқпас сөзді» деген тағы бір тармаққа қарайық. Бұл жерде де «қаса» емес, «хасса» болуы керек. Өйткені, «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінде ақын «Ұқсайды хасса сұлу шомылғанға» деп сұлулықтың нәрін аша түседі. Мұндағы «хасса» «өте, нағыз» дегенді білдірсе керек. Демек, жоғарыдағы «қаса надан» тіркесі де, «хасса надан», яғни наданның наданы дегенді білдіріп тұр.
Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңлін қойып, көзін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлыжас жігіттер,
Думан-саулық ойда жоқ әуел баста-ақ.
Осы шумақтағы «көңлін қойып, көзін ашпақ» деген тіркес, ақынның көптеген кітаптарында «көзін қойып, көңілін ашпақ» болып жүр. «Көңлін» сөзі «көңілін» болып неге дұрыс жазылмайды? Ақын өлеңдеріндегі «көкрегінде», «әблет», «тәңрі», «ұйқтаған», «ұйқтат» деген сөздер де осылайша бір әрпі кем. Шерхан атамыз айтқандай, бұл да бір кем дүние болған-ау шамасы. Неге кітап құрастырушылары осындай бол-машы қателіктерге көз жұма қарай берген? Түсінбейсің.
Иә, тере берсек, сүрінгеніміз қате болатын түрі бар. Бір қызықты айта кетуге болмайтын сияқты. Жинақтың 52-бетіне үп-үлкен етіп намаз (бәлкім, жаназа намазы шығар) оқып тұрған төрт кісінің суретін басыпты. Суреттің астына «Аруаққа жүгіну» деп жазып қойыпты. Осылайша, намазды Аллаға емес, аруаққа жасалатын құлшылық етіп көрсеткісі келген. Кітаптың өн бойында «Алла» сөзін кішкентай әріппен «алла» деп жазады. Қазақтың «ң», «қ» сияқты әріптерінің құйрығын жеп қойғаны тағы бар.
Әгәрәки, хакім Абай тіріліп кеп, мына сұмдықтарды көрсе, қайғыдан құса болатын шығар… Оны айтамыз-ау, «Абай-Абай» деп айқайлағанымыз болмаса, дананың сөзін санаға тоқып, өмірімізге үлгі етіп жүргеніміз аз. Абай ата жарықтық қара сөздері мен өлеңдерін оқушылар жаттап алсын деп жазбаған болар. Ішкі сырына үңілсін деді. Ал біз болсақ, ішкі сырына үңілмек түгілі әлі күнге шейін өлеңдерінің өзін өзгертіп, бұрмалап жатырмыз. Кешегі Ілияс Жансүгіров, Қайым Мұхаметхановтардай Абай сөзінің сиқырын ұғынған адам аз. Бәрінен де Алаш аялаған Абай өлеңдерінің «бөтен сөзбен былғанғаны» жанды ауыртады екен. Мырзатай көкем айтқандай, Абайды құрметтеу – өзіңді құрметтеу, Абайды қастерлеу – ұлтыңды қастерлеу екенін сезіне алмай жүрген сыңайлымыз. Әйтпесе, осы айтылғандардың бәрі Абайға емес, бүгінгі өзімізге, жалпы қазаққа, келешекке керек мәселе емес пе?