Қазақ пен қазан
Қазақ пен қазан

Фейсбук деген қызық қой. Әркім өз білгенін жазады. Жазғанына қарап өресін байқап отырасың. Өткенде бір қыз парақшасына қара қазанның суретін салып: «Фууу, қап-қара қазан, қалай тамақ ішеді екен жұрттар!» деп жазып қойыпты. 

Қарап отырып қаным басыма шапқаны-ай! Осының алдында ғана тағы бір қыз ауылға барғанын, үйіліп тұрған тезекті көргенін айта келіп, «осымен адамдар еще тамақ пісіреді» деп қойып қалды. Тамырынан безген деген осы шығар. Қазанынан жиіркеніп, тезегінен безінгенін айтсаңшы. Талай шаңырақтың жылуы болған, асыңды алдыңа әкелген осы тезектің құдіреті емес пе еді? Қара қазан талай қазақты аштықтан аман алып қалды емес пе? Аштықты айтпағанда, жаугершілік кезеңде талай қазақты қырып салғанда, қазан астына жасырынып қанша бала тірі қалып еді? Біз солардың ұрпақтары емес пе едік? Енді бүгін ауылымызға газ келді екен деп кешегі күнімізді қалай тез ұмыта қалдық екен? Біз тарихтан сабақ алуымыз керек, сонда ғана мықты ұлт боламыз. Сол себепті, қазан туралы әңгімені біраз қазбалауды ұйғардым.

Жазда ауылға бардым. Барған сайын туған-туыс­ты аралап, мар­құм­дар­ға зиярат ететін әде­тім. Сонда бай­қа­ғаным, ауылдағы кө­не зираттарда төң­ке­рілген қазан ж­а­тады. Бірі – мола­ның ішінде, тағы бірі қабір шұң­қы­ры үстінде. Әжем бұрын мәйіт ба­сы­н­дағы төң­ке­ріл­­ген қазан мар­құмның артында тұяғы қалмады, оты өшті дегенді біл­діреді дейтін. Иә, артында ми­рас­қоры қалмаған соң, қара қазанын басына төңкеріп кетеді екен. Ата-әжелеріміздің  «Қазанды төң­керме» деп ұрысатыны бекер емес екен. Бейіт басына төңкерілген қа­­зан нені білдіреді? Бұл өте үлкен зерт­­теуді қажет ететін мәселе. Со­сын біздің кейбір аймақтарда қазан орнында шаңырақ төңкеретіндер де бар. Оның да мағынасы осындай, мар­құмның шаңырағы күйреді, ар­тында мирасқоры қалмады дегенді біл­діреді. Қазақ не айтса да, қалт айтпаған екен. Бүкіл ырым-тыйым­дардың астарына мұқият мән бер­сең, дүниедегі бар қорқыныштан сақтандырып кеткенін байқайсың.

Рас, қазақтың қазанға қатысты ырым­дары көп. Қазақ қызға еш­қа­шан қазан бермеген. Қайтыс болған адам­ның моласы бұзылса, түске кі­ріп мазаласа, басына қазан апа­рып қойған. Сол сияқты, қайтқан кі­сінің соңынан тұқымдары ауру-сыр­қаусыз, белгісіз себептермен өле берсе, құран оқытып, басына қа­­зан төңкерткен. Біздің елде қа­зан­ға қатысты тағы бір ырым бар. Су­ға батып кеткен адамды қазан ар­қылы табады. Адам суға кетсе, үйін­дегі қазанын төңкеріп суға жі­береді. Алланың құдыретін қа­раңыз­шы, әлгі қазан адам батқан жер­ді айнала жүзіп тұрады. Бала кез­де мұндайдың талайын көріп, таңғалғанбыз. 

Қазақтың таным-түсінігінде қа­­занның алатын орны ерекше. Мы­салы, Түркістандағы тайқазан­ды алайықшы. Бұл тайқазан – берік дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан көне мұрамыз. Бұл тайқазан – тұтастығымыздың, игілікті істердің символы. Тайқазан сонау 1399 жылы сирек кездестетін жеті түрлі асыл металдың қоспа­сынан құйылған. «Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды» деген хадис бар. Соған қарағанда бұл тайқазан кесененің бір бұрышына жай жә­дігер ретінде қою үшін емес, осы ха­диске амал ету үшін жасалған сияқ­ты. Сондықтан Әмір Темір за­манынан қалған Қожа Ахмет Йа­ссауи кесенесінің төрінде тұрған тай­­қа­занды құр қаңсытпай су құйып қой­са, зиярат етіп келген адамдар судан ішіп, шөлін басса, пайғамбар сүннетін орын­да­ға­нымыз болмай ма?

Негізінде, мұндай алып қазан жасау дәстүрі сақ, ғұн, үйсін дәуір­лерінде де болған екен. Қазақ бере­ке мен бірліктің белгісі санаған­дық­тан, мұндай алып қазанды билеу­ші­лер мен әскербасылардың қабіріне қойған. Зиярат етіп келген адам қа­зандағы суды ішіп шөлін басып, қабір иесіне дұға бағыштаған. Бейіт басындағы қазанға қарап, марқұм­ның жай адам емес, ел билеген кө­сем, жау жапырған батыр болға­нын білген. 

Бұрындары сақ елінің бірлігі бұ­зылып, ел ішін алауыздық жайлай бас­тапты. Сол кезде ел көсемдері ха­лықтың басын біріктіру үшін үл­кен қазан құюды бұйырады. Сақ сар­баздары жебелерінің мыс ма­сағын жинап, балқытып, содан алып қазан құйған. Сол қазанға пі­сірілген тағамнан дәм татқан  сақ­тар өкпе-наздарын ұмытып, қа­зан басында қайтадан татуласқан. Мұны тарихтың атасы Геродот: «Сақ патшасы Арриант жауынгер­ле­рінің бүкіл жебесін бір жерге жинап балқытқызып, үлкен қазан құй­дырған да, оны елден ерек қыз­меткерінің құзырына қаратқан» деп жазады. Қазан қазақтың қорғаны да бол­ды. «Ақтабан шұбырынды, Ал­қакөл сұлама» заманында босқан халық бауырындағы баласын төң­ке­рілген қазан астына жасырып аман алып қалған.

Қазақ ұғымында қазаннан ай­ырылу құт-берекеден айырылумен бір­дей. Сол сияқты, біреудің қаза­нын тартып алу масқарашылық бо­лып саналған. Тарихта Олжабай бастаған батырлардың Ботаханды тірідей жерге көміп қазанын алып кететіні соның мысалы. Тағы бір мысал, Абылай хан Көкшетаудан көш­кенде Бекболат бидің қуып ке­ле­тінін біліп, өз қара қазанын жұр­тына тастап кетеді. Мұны Бекболат би дұрыс түсініп, атының басын ке­рі бұрған. Міне, біздің бабалар қа­рапайым қазан арқылы үлкен фи­­лософиялық ой-толғамдарды жеткізуші еді.

Қарғыстың да жаманын қазақ қа­занмен байланыстырады. «Қаза­ның басыңа төңкерілсін», «қазаның қайнамасын» дейді. Сол сияқты, жақ­сы тілегіміз де қазанмен қатыс­ты. «Қазаның ортаймасын», «оша­ғың­­ның оты өшпесін», «қазан тол­­­­­сын» деп тілейді. Бәрі де бекер емес екен-ау!

Қазан – қазақтың қуаты. Белгілі ақын Жанарбек Әшімжанның «Қа­ра қазанда асылған аппақ көже, Қара ұлдың бойына қуат берді»  деп келетін өлеңі бар. Қазанға бай­ла­нысты салт-жоралғыларымыз да жеткілікті. Соның бірі – жарыс­қазан. Жас босанған келінге жаса­ла­тын салт. Негізі ислам дінінен алын­­ған. Біздің қазақ келіншек­тері де жас ананың аман-есен бо­сануы үшін Аллаға шын жүрекпен жал­барынып, жер-жерден қазан асқан. Осы дәстүрді қазақ «жарыс қа­зан» деп атаған. Сол сияқты, біз­де «қазан шегелеу» деген салт бар. Әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барып, «осы үйдің қазанын шегелей кел­дік» дейді екен. Сондай үй иесі де әзілдеп: «Жақсы болды ғой, өзіміз де қазан шегелегіш шебер іздеп жүр едік» деп төрге шығарып, қонақ­жайлылық танытқан. Яғни «қазан шегелеу» қонақ бола келдік дегенді білдірген.

Қазақта «айрылыс қазан» деген де салт бар. Ұзақ уақыт қоныстас, ауыл­дас болған адамдар басқа жақ­қа қоныс аударар алдында ел-жұртты шақырып ас берген. Міне, осы ас «айрылыс қазан» делінеді. Салтты айтамыз-ау, қазан қазақтың заңына да кіріп кеткенін айтсаңшы. Әз-Тәукенің «Жеті жарғысында» өлім жазасына кесілген жанның жеті айып төлеп құтыла алатыны айты­лады. Соның алғашқысы – қара қа­зан төлеу.

Міне, осыларды көріп тұрып, қа­зақ пен қазанды қалай егіз демес­сің! Өкінішке қарай, біз осы ұлттық құндылығымызды жоғалтып бара жатқандаймыз. Ауылда өскен қара баланы жетілдірген қара қазан еді. Рас қой, бәріміз де қазанның түбін­дегі несібемен жетілдік. Сөйте тұра, қағынан жерігені несі екен?

Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
10 жыл бұрын 12082
3 пікір
  • Көп мәліметтер алдым. Алла разы болсын. Қазақи дүниелерді оқысам қуанып қалам.
    10 жыл бұрын
  • Осы мақаланы сол фейсбукта та жарияламадыңыз ба, мүмкін ой салар ма едіңіз...
    10 жыл бұрын
  • Бәрекелді, Секе. Тап-тамаша сараптама болыпты. Қара қазанымыздың түбі көрінбей, ырзық-несібеміз арта берсін!
    10 жыл бұрын
Блог туралы
0
40926 43 66 148 41