Голливуд қазір бүкіл әлем жұртынан бір көрермен жасағысы келіп жанталасып жатыр. Оның киносы бұл халыққа керек пе, оның салт-санасы мен діни танымына қайшы емес пе, оған бас қатырмайды. Оларға бүкіл Батыстың идеологиясын әкеліп құйса болды.
Идеологиясын саналарға сіңіргені аздай, содан қалта қампайтудың қамын жасап әлек. Басқасын айтпай-ақ қояйық, Голливуд қазір бүкіл әлем құрметпен қарайтын дін тақырыбын қойыртпақтап бітті. Діни қайраткердің, тұлғаның үстіне қоқыс төңкере салу оларға түк те емес. Оны айтамыз, қазір Голливуд пайғамбарлармен ойнауды әдетке айналдырды. Нұх, Мұса, Иса пайғамбарларды мансұқтауды қояр емес.
Былтыр ғана жарыққа шыққан Даррен Аронофскидің «Ной» фильмі біраз жұрттың шымбайына тиді. Сценарий авторлары Інжіл қиссалары бойынша түсірілді деген осы фильмнің «тігісін жатқызып» жібергенге ұқсайды. Өйткені фильмде мұсылмандар құрметтейтін Нұх пайғамбардың елесі де жоқ. Содан болар, «Нойды» көрсетуге мұсылман елдерінің біразы тыйым салды. Тіпті ішінара фильмге христиан шіркеулері де қарсы болды. Сонда бағанағы Інжіл қиссалары бойынша түсірілді дегені қайда қалды?
Голливуд «Нойды» түсірерде спецэффектерге, фантастикалық сюжеттерге көбірек ұрынған. Ешқандай қисынға келмейтін тас құбыжықтар жүр. Олар бұрын басқа тіршілік болған-мыс. Сөйтіп, Адам пайғамбарға жәрдем беру үшін Жерге келген. Сол сәтте Құдайдың қаһарына ұшырап тасқа айналған-мыс. Кинода Нойдың кеме құрастыруына осы тас құбыжықтар көмектеседі. Құран мен Інжілде бар ма осы сюжет? Киноның тағы бір жерінде Нойдың о дүниелік болған атасымен жолығатын көрініс бар. Бұл да ойдан шығарылған қоспа. Жалпы алғанда, Даррен Аронофски Нұхтың адамзатқа жіберілген пайғамбар екенін ұмытып кеткен сияқты. Немесе жорта істеген болуы мүмкін. Әйтпесе діннен хабары бар адам дін тарихында мүлдем жоқ мысалдармен былықтырар ма еді.
Фильмдегі Ной жүйкесі тозған біреу. Өзімшіл, тәкаппар. Негізінде, пайғамбарларда «исмет» сипаты бар. Яғни Құдайдың құдіретімен күнә істеуден қорғалған. Ал фильмдегі Ной мас күйінде жүр. Тіпті жалаңаш күйде жатқанын көрсеткен. Ұрпақтарын да оңдырмаған. Үлкен ұлына зина жасатқан. Осылайша, көрермендерге некесіз төсектес болудың ешқандай айыбы жоқ деген түсінікті таңғысы келеді. Тағы бір Құранға қарсы жері – Нұхтың әйелінде. Құранда Нұхтың әйелінің иман етпегені айтылады. Ал мұнда, керісінше, Нұхқа қарағанда әйелінің иманы беріктеу көрінді. Күйеуіне жақтасып жүрген сол. Ал Нұх болса Құдайдың бұйрығы осы дегенге тастай қатып, адами құндылықтарды ұмыт қалдырған. Сөйтіп, нені дұрыс, нені бұрыс жасап жатқанын білмей шатысады. Жер бетінде ұрпақ жалғастығы болмауы керек деп өмірге енді ғана келген немерелеріне пышақ алып жүгіреді. Нұхты құдайына қарсы қойғаннан Аронофски не ұтты?
Бұл фильмді көрсетуге көптеген мұсылман елдері тыйым салды. Катар, Кувейт, Бахрейн, Индонезия, Йордания, Біріккен Араб Әмірлігі, Пәкстан, Тунис, Мороккода «Ной» көрсетілген жоқ. Ал бұл кезде біздің кинотеатрлар «Нойды» қайталап тұрып көрсетті. Біздің Мәдениет министрлігі, соның ішінде осы фильмді көрсетуге прокаттау куәлігін беретін құзырлы мекеме қайда қараған сонда? Біздің де мұсылман екеніміз, Нұхтың құрметті пайғамбарымыз екені олар үшін бес тиын болғаны ғой.
Інжілдің ізімен түсірілді деген тағы бір фильм «Исход: Цари и боги» болатын. Ридли Скоттың Мұса пайғамбар туралы фильмі осы жылдың басында көрсетілді. Бұл фильм де бірқатар мұсылман елдерінде тыйым салынды. Марокко, Мысыр, Біріккен Араб Әмірлігі алғашқылардың бірі болып фильмді көрсетуден бас тартты. Марокко билігі фильмде Құдайды бала түрінде көрсеткеніне наразы болды. БАӘ-ның Ұлттық медиа-кеңесі фильм сценарийінде көп қателік кеткенін айтып, ислам дініне кереғар фильм деген шешім шығарды. Ал Мысырдың Мәдениет министрі Ридли Скоттың фильмі сионистік бағытта түсірілген, көрермендерді шатыстыруға құрылған деді. Шынында, фильм авторлары Мұсаны еврейлердің құтқарушысы етіп көрсетуге барын салған. Мысырдағы пирамидаларды еврейлер салды деген теріс ақпарат таратады.
Мұнда да Мұса пайғамбардың образы әбден бұрмаланған. Режиссер еврейлердің ығына жығыла отырып, тарихи оқиғаны біраз «түзеткен». Фильмде Мұсаның аса таяғы мүлдем жоқ. Теңізге қанжарын лақтырғанда, кенеттен жер сілкініп, соның салдарынан су жерге сіңіп кетеді. Соны пайдаланған Мұса қауымын бастап теңіздің арғы бетіне бір-ақ өтеді. Ал перғауынның әскері жеткен кезде су қайта толып, олар су астында қалады. Бірақ бір қызығы, фильмде перғауынды тәубе еткізбек түгілі, тірі қалдырған. Сол сияқты қауымның Мұсаға ермей тағы да адасатынын, қайтадан пұттарға, тіпті бұзауға табынып кететінін көрсетпеген. Соған қарағанда, еврейлерді барынша күнәсіз періште қылып көрсетуге тырысқан сияқты.
Мұсылмандарға ұнамаған фильмнің тағы бір өтірік тұсы – Құдайды бала бейнесінде көрсеткен. Мұса тауға барып, бала-құдаймен кездеседі. Бала-құдай Мұсаға шайын құйып отырып, Тәуратты тасқа таңбалатады. Осылайша, шылғи өтірік сюжеттермен қоюлата түскен. Сондай дейміз ғой, Голливуд Құдайды, пайғамбарды мансұқтағаннан не пайда тапты?
Голливуд не түсірмейді? Олардың бар ойлағаны – кино бизнесі. Сол бизнес жолында ұлттық құндылық, ар-ождан дегендерді таптап өтіп кете береді. Ол аздай Батыстың сасық идеологиясын санамызға сіңіргісі келеді. Алайда біздің де олардың зымиян идеологиясына қарсы тұра алатын ұлттық иммунитетіміз болуы керек қой.
Біз Голливудтың кинолары көрсетілмесін деп тыйым сала алмаймыз. Себебі Кино туралы заңымыз жоқ. Әрине, «Мәдениет туралы» заңымыздың 28-бабында «Фильмнің мазмұны ұлттық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған жағдайда фильмге прокаттау куәлігін берілмейді» деп жазылған. Бірақ оған қарап отырған біздің Министрлік бар ма? Бір кездері «Диктатордың» өзін көрсетпеу керек деп Мәдениет комитетінің көзіне шұқып тұрып әзер тоқтатқанбыз. Ұлттың қамын ойласа, олар да ойланбай ма? Ең болмағанда Конституциямыздың 14-бабында жазылған: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деген жолды басшылыққа алса болар еді ғой. «Ной», «Исход: Цари и боги» діни нанымымызды қорлады ма, қорлады. Онда неге уақытында соларды тыймадық? Бәлкім, бізге де министрлік жанынан Ұлттық медиа-кеңес құру керек шығар? Қашанғы көз жұмып, Голливудтың киноларына прокаттау куәлігін бере береміз? Мәдениет министрлігі осыны ойласа екен!