(Жалғасы. Басы мына жерде)
Сырт келбеті еврейлерге ұқсағанмен, өмір тіршілігі мұсылмандарға келетін тағы бір халық бар. Олар – амиштер. Амиштерді АҚШ-тан, Канададан кездестіруге болады. Амиштердің негізгі отаны Швейцария екен. Бұлар Мартин Лютер секілді протестант реформаторлардың тепкісіне ұшыраған. Ақырында, 1693 жылы кержактар сияқты қуғынға ұшырап, 200 отбасы Еуропаны тастай қашқан. Амиш сөзі сол кездегі көсем-дері Якоб Амманның атына байланысты шыққан екен.
Америкадағы амиштердің ең көп шоғырланған жері – Пенсильвания, Огайо, және солтүстік Индиана. Көпшілігі шаруашылықпен айналысады. Өздері не өсірсе соны талғажау етеді, дүкенге бармайды. Керісінше, өздері ет, құс, сүт, жұмыртқа, ірімшік өндіріп сатады. Олардың жасаған ағаш жиһаздарын американдықтар қырылып алады екен. Себебі, сапалы. Үйлерінің барлық жиһазын өздері қолдан жасап алады. Тіпті балалардың ойыншығына шейін матадан тігеді.
Ешқайсысы көлік мінбейді, ат арбамен ғана қатынайды. Жерді де ат жегіп соқамен жыртады. Тіпті олар электр энергиясын да пайдаланбайды екен. Электр сымдары о дүниемен байланысты үзеді, бұл дінге қайшы деп түсінеді. Қажет жағдайда, тек газ генераторын ғана пайдалануға рұқсат, ал орталықтандырылған электр жүйесін қабылдамай-ды. Сондықтан да теледидар, радио, интернетті қолданған емес. Барынша, фотоға да түспейді.
Бұлардың да мұсылмандармен ұқсастығы көп. Неке қиылмайынша, қыз бен жігітке бірге болуға рұқсат берілмейді. Тәртіпке, тазалыққа қатты мән береді. Қарапайым ғана киінеді, сән әлемнің не екенінен хабары жоқ. Амиштердің киім киістері де өзгеше. Әйелдері бір түсті кең көйлек киеді, алабажақ киім киюге, шаш қиюға тыйым салынған. Үйленген жігіттер міндетті түрде сақал қояды, ал мұртты басады. Сақал дегеннен шығады, сақалы жоқ еркекті ешкім көзге ілмей, адам құрлы көрмейді екен. Осыны білген кейбір есерсоқтар бірде өздері ұнатпаған амиш жігітті жабылып ұстап алып, сақалын қырып тастапты. Сол қылығы үшін олар 15 жылға бас бостандығынан айырылған екен. Тағы бір қызық жайт, амиш бозбала кәмелетке толған кезде, ары қарайғы өміріне өзі таңдау жасай алады. Амиш болып қалғысы келсе, тіпті жақсы. Басқа американдықтар сияқты өмір сүргісі келсе, оған да рұқсат. Бірақ туған жерін, отбасын мәңгілікке тастап кетеді. Басқа христиандар сияқты баланы туыла сап шоқындырмайды, ақыл тоқтатқан кезде дін таңдауды өз еркіне береді. Былайша айтқанда, мұсылмандар сияқты «дінде зорлық жоқ» деген ұстанымда.
Үйді құлшылық жасайтын орынға айналдыру керек деген ұстанымдары бар. Құлшылық жасар алдында аяқтарына шейін жуып, дәрет алады. Бұлар да староверлер секілді өздерін ең таза жолдамыз деп есептейді. Иса көктен түседі, сосын мың жылдай ел басқарады деп сенеді.
Өмір сүрудегі ұстанымдары: рухани құндылықтарды сақтау, ауыр жұмысқа жегілу, әйелдің еріне бағынуы, қарапайым киіну, мемлекеттен жәрдемақы талап етпеу, техниканың барлық түрін тәрк ету. Және бір-біріне жәрдемдеседі. Мысалы, бір амиштің үйі өртеніп кетсе, қалғандары жабылып, жаңа үй тұрғызып береді. Бұларда ажырасу, ыдыс-аяқ сылдыры деген атымен жоқ. Әр отбасында 6-10 баладан болады, баласының көптігімен мақтанады. Тойлары да қарапайым дастарқанда өтеді. Ұзатылатын қыз көкшіл көйлек киеді. Бірақ ешқашан боянбайды. Тіпті бұларда неке жүзігі деген де ұғым жоқ.
Сол сияқты жерлеу рәсімдері де қарапайым. Марқұмның бейітіне басқа христиандар сияқты гүл қоймайды, оны айтамыз-ау құлпытасына қайтқан адамның аты-жөнін де жазбайды. Бәрінің құлпытастары бірдей болады.
Амиштер кішкентай бала сияқты. Жеку, ұрсу дегенді білмейді. Мысалы, бір амиштің сақалынан тартсаң немесе жағынан салып жіберсең, ол саған дүрсе қоя бермейді. Керісінше, сенің әрекетің үшін өзін кінәлі сезініп, құдайдан кешірім сұрайды. Американдықтар сол үшін де амиштерге құрметпен қарайды екен. Осыдан екі-үш жыл бұрын, Америкада мынадай жағдай болыпты. Чарльз Карл Робертс деген американдық жігіт есінен адасып, амиштердің мектебіне баса-көктеп кіреді. Ақылынан алжасқаны сондай, 7 амиш қызды қанжоса қылып, артынша өзі атылып өлген. Міне, сол 7 қыздың аналары қанішердің үйіне барып, әйелінен кешірім сұрап, күйеуінің кінәсіз екенін айтыпты. Тіпті артында үш баласы қалғанын біліп, қор ашып, балалардың оқуына қажетті ақша жиып беріпті.
Амиштер мен кержактарды неге айтып отырмыз? Әңгіме кейбір христиан, басқа да діндегілерден мұсылмандық сипат байқалатыны турасында екен ғой. Кім біледі, осыншама ұқсастығы бар болғанына қарағанда, ел айтып жүргендей олар да бұрын мұсылман болған шығар? Исламнан ажыраған, бірақ мұсылмандығы қалған. Әрине, бұлай болмауы да мүмкін. Бірақ осының өзі бізге сабақ емес пе? Рас, біз, мұсылманбыз. Амалымызға да берік шығармыз. Бірақ сол мұсылмандығымыз іс-әрекетімізден қаншалықты байқалып жатыр? Сын сағатта мұсылмандығымызды сақтай алып жүрміз бе? Туыс, дос, бауырға қамқормыз ба? Мысыр шейхы Еуропадан исламды көргенін айтыпты. Кім біледі, басқа діндегілердің осындай мұсылманшылығы бір күні исламды қабылдауына себеп болар. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қиямет жақындағанда күн батыстан шығады» дегенді бекер айтпаған ғой.