«Он(ы) бір қара жұмбақ. Ол қандай жұмбақ
«Он(ы) бір қара жұмбақ. Ол қандай жұмбақ

Студент кезім. Уәлиханов көшесінің бойындағы жатақханада тұрам. Кешкісін көшемен жоғары өрлеп Шоқан ескерткіші маңындағы орындықтарға барып отыратынмын. Осындай бір кешкі сейіл кезінде жаныма бір ақсақал келді. Бұрын мектепте сабақ беріпті. Менен қай мамандықта оқып жатқанымды сұрады. Артынша «Саған керек болады, құлағыңа құйып ал» деп біраз кеңес айтты. «Журналистер, әдебиетшілер Абайдың өлеңдерін қате жазып жүр. Мысалы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп жазасыңдар, бұл қате. Дұрысы «Өлең-сөздің патшасы – сөз сарасы» болады. Абай «сөздің сарасы» не деген сұраққа жауап беріп тұр. Сол сияқты ауыз әдебиетіндегі санамақты да қате жазасыңдар. «Он дегенім – оймақ, Он бір – қара жұмбақ» дейсіңдер, бұл да дұрыс емес. Дұрысы «Он дегенім – оймақ, Оны – бір қара жұмбақ» болады. Осы он санның астарында бір сыр бар дегенді білдіреді» деді. Кейін ол ақсақалды мүлдем көрген емеспін. Бірақ  сол кездегі он минуттық дәрісі есімде өмір бақи қалып қойыпты. Шынында, осы санамақтағы «оны – бір қара жұмбақ» деген не? 

Ауыз әдебиетінің, соның ішін­де ертегі, жұмбақ, жаңылт-паш секілді балалар әдебиетінің бір саласы – осы санамақ. Біз бі­­­­летін санамақтың толық мәтіні мынадай
Бір дегенім – білеу,
Екі дегенім – егеу,
Үш дегенім – үскі,
Төрт дегенім – төсек,
Бес дегенім – бесік,
Алты дегенім – асық,
Жеті дегенім – желке,
Сегіз дегенім – серке,
Тоғыз дегенім – торқа,
Он дегенім – оймақ,
Он(ы) бір қара жұмбақ.
Профессор Қажым Жұмалиев «Қазақ әдебиеті тарихының мә­се­лелері және Абай поэзиясының тілі» еңбегінде: «Бұл жұмбақтың не­гізгі мақсаты – он бірге дейін сан үйрету. Мақсат әр санды есте қал­дыру болғандықтан, есептік сан­дар қай дыбыстан басталса, оның әрқайсысына тең етіп алы­нып отырған сөздер сол дыбыстан басталады. Бәрі де дыбыс қуалау заңына сүйенеді. Әйтпесе, «бір мен білеудің», «екі мен егеудің» ма­ғына жағынан еш байланысы жоқ» деп жазады.
Рас, санамақтың негізгі мақ­саты – он-он бірдің мөлшерінде сан үйрету. Сол арқылы әр санды ба­ланың санасына сіңдіру. Са­на­мақ ұйқасқа бағынғандықтан, жат­тағанға жеңіл. Алайда, сана­мақ­тар тек сан үйретіп қана қой­май­ды, балаға дүниені де таныта­ды емес пе? Баланың ойлау қабі­ле­тін, ой-өрісін дамытады. Ең бас­тысы, баланы әдемі сөйлеуге дағ­дыландырады, яғни тілін жат­тықтырады. Себебі, санамақ жай ғана сандар мен сөздердің жиын­тығы емес, ол – тәрбиелік, тағы­лым­дық мәні мол поэзия.
Санамақ дүние танытады де­дік. Төсек, бесік, асық... Зер са­лып ойланған адамға, мұнда бір те­рең философия жатқандай. Адам­ның өмірін, дүниенің жара­тылысын сездіретін секілді. Ал «қара жұмбақ» деген не? Сана­мақ­та жасырылған жұмбақтың шешуін қалай табуға болады?
Мына қызықты қараңызшы, со­нау ХV ғасырдағы атақты туын­ды Өтейбойдақ Тілеуқабылұ­лы­ның «Шипагерлік баян» кітабын­да («Жалын» баспасы, 1996 жыл) осы санамақ бар екен. Өтейбойдақ ата­мыз да бұл жұмбақтың шеші­мін табуға тырысыпты. Ол кісі он емес, он екі нәрсені айтады, бар­лығын да уақытпен байланыс­ты­ра­ды. Бабамыздың еңбегі көне қа­зақ тілінде жазылғандықтан, бір қарпін де өзгертпей беріп отыр­мыз.
«Бір деулігім – білек,
Екі деулігім – енші,
Үш деулігім – үшке,
Төрт деулігім – төселгі,
Бес дегенім – бесілгі,
Алты дегенім – алқа,
Жеті дегенім – желке,
Сегіз деулігім – саста,
Тоғыз деулігім – торқа,
Он деулігім – ойғақ.
Он бір түбі – жұмдама,
Он екі таппақ құндама.
Мұндағы бір деулігім білек мә­нісі – есекқырған алдашылық уағы. Екі деулігім енші мәнісі – таң атып, күн көзі шығуға енші ал­ды – таңертең. Үш деулігім үш­ке мәнісі – үшке, сәске деп те аталмағы шарт. Төрт деу­лігім төселгі мә­нісі – түс алдашы уағы көр­­се­тіл­гілік. Бес деулі­гім бесілгі мә­нісі – бала бесікке бө­лен­бек, мал кел­мек, қиым алдашы уа­ғы кө­зе­ме. Алты деулігім алқа мә­нісі бешін нама­зын өте­уің шарт делінбегі. Жеті деу­лігім желке мәнісі бейуақ­тық алдашылық көземе. Сегіз деу­лігім саста мәнісі – серке бас­та­ған мал қораланбақ – кеш ұй­қаш уағы. Тоғыз деулігім торқа мә­нісі – тор­­ғын-торқа оран­бақ шарт. Ел жат­ты, мал іңірттемелік шарт. Ұй­қаштық іңірт уағы – ел орын­ға отыр­ған кезі. Он деулігім ой­­ғақ мә­нісі – қатаң­дық алда­шы­лық уақ. Он бір қара жұмдама мә­нісі – ел ұйқыда сезуі, білуі екі­­талай деулік (ауым уағы). Он екі тап­пақ құм­дама мәнісі – таң­жақ. Ер­те тұр, сә­ре­сі іш та­қы­лет­ті­лер». Сон­да Өтей­бойдақ Тілеу­қа­­­былұлынша, бір-білек – таң­сәрі, екі-енші – таңер­тең, үш-үш­ке – сәске түс, төрт-төселгі – түс ауа, бес-бе­сіл­гі – түс қай­та, алты-ал­қа – бесін, жеті-желке – бей уақыт, сегіз-саста – қас қа­рай­ған шақ, то­ғыз-торқа – түн қа­раң­ғы­сы, он ой­ғақ – түн ор­­тасы, он бір қара жұм­дама – ай туып, жұлдыз сөн­­­­ген шақ, он екі тап­пақ құм­дама – қай­тадан таң ата бастаған уа­қыт болады. Өтей­бой­дақтың бұл ең­бегін ұрпағы Тү­менбай Ыстан­байұлына ама­нат­тап қалдырға­нын бі­леміз. Міне, сол Түменбай «Шипа­гер­лік баян» кітабын баба аманаты бойынша өз ұлы Нұр­тай­ға табыстаған. Табыстап тұ­рып былай дей­ді: «Балам, осы ұй­­­­қашты (Са­намақты – авт.) жат­­тап ал! Өте-мөте ұй­қаштық іздемелік бәйітті жат­тап ал! Бірақ сырын айт­па! Қанық болуың саған бо­рыш. Өйткені, әке­нің өсие­ті». «Сы­рын айтпа» де­генге қа­ра­ған­да, санамақтың бұ­дан да бас­қа біз білмейтін сыры бар се­кіл­ді.
Атақты ғалым Ақжан Ма­шани ақсақал да санамақтың құ­пиясын ашуға тырысқан. Ол кісі са­на­мақтың жұмбағын астрономия­мен, аспан әлемімен байланыс­тыр­ған. Өтейбойдақ құсап сана­мақ­тың сырына жеке-дара тоқ­талмаса да кейбір ең­бектерінде аз-маз айтып өтеді. Мы­салы, «әл-Фараби және му­зы­ка» («Ала­тау» баспасы, 2011 жыл) атты кі­та­бында: «Жеті де­ге­­нім – желке» деген желкеңде көк шөмішті Же­­­тіқарақшы бол­сын дегені, «он дегенім – оймақ» дегені бірінші Ас­пан мағы­насында болмақ», – деп жазады.
Осы кітаптың тағы бір же­рін­де:
«Он дегенім – оймақ,
Он бірі ғажап жұмбақ».
Ой-оймақ-аймақ дөңгелек шең­бер. Оған бір қосылса Жаңа Ай басы. Он бірдің дәйекті саны бас­тамасы. Бұл түсініктер бұл сан­дар барлық табиғат заңының басы. Осы түсінікте терең сыр жа­тыр. Бір ғана сөзбен әр санға си­пат берген. Осы түсініктерді ай­тылған сипаттармен салыс­тыруды оқушыға қалдырамыз» дейді Машани. Ақсақал сана­мақ­тағы сандарды сипаттармен са­лыс­тыруды бізге аманаттапты. 
«Қазақ тілі – жұмбақ, не айтса бә­рінің шешуі бар, шешуін білуге тырысу керек» дейді Мәшһүр Жү­сіп. Сондықтан, жұмбақтың ше­шуін бір білсе осылар білер деп бір­неше адамға хабарластық. Өкініш­тісі, көп адам жауап бере алмады. Ақын Құл-Керім Елемес: «Санамақтағы «оны бір қара жұмбақ» – осы он нәрсенің ұлт өмі­ріндегі ерекше маңызын, мә­нін жұмбақ ретінде қорытқан түйін. Бұл он нәрседе халқымыз­дың өміріне тән тіршілік әрекеті толық бейнеленген, білдірілген. Ба­баларымыз осы он нәрсені ұр­пақ­қа санамақ тәсілі арқылы өсиет еткен. Бізге «осыларды біл» де­ген ишара бар мұнда. Ұлт өмі­рінде ерекше маңыз алған осы он нәрсені әдейі ұмыттырмай, та­рих­қа қалдырудың, болашаққа жет­кізудің бір ғылыми жүйесі. Бі­рақ, «оны бір қара жұмбақтың» бұ­дан да басқа сыры болуы бек мүм­кін. Санамақтың соңы «Жұм­бағым жұтылды, жолға түсіп құ­тыл­ды» деп аяқталады» дейді. Ал ақын Тыныштықбек Әбдікә­кім­ұлы санамақта пәлсапалық математика жатқанын жора­мал­дады. «Әр нәрсенің негізінде бір ма­ғына жататыны белгілі. Сана­мақтың «оны – бір ғажап жұм­бақ». Себебі, әрбір сөзінде үлкен ғылым жатыр. Мұнда идеализм мен материализм, автогенезия мен эктогенезия ғажап үйлесім тап­қан. Бастысы, «бесік» дәуі­рінен бастап «оймақ», яғни ға­рыш­тық сана иесіне дейін жетіл­діретін дүниенің жаратылысы, яғни эволюция бар. Оймақтың төбесі шұрық-шұрық тесік болып келуінің өзі түрлі ұғымды бідіреді. Соның бірі – жұлдызданған ға­рыш. Міне, біздің бабаларымыз қа­зақтың сөзінің жай сөз емес еке­нін бес жасар ұрпағына осы­лай­ша, ойнатып отырып жеткіз­ген» дейді Тыныштықбек Әб­ді­кә­кімұлы. Біз хабарласқан кезде Тыныш аға Астанадағы ауру­ха­на­да жатыр екен. Сондықтан, әр­қай­сысының сырын жеке-жеке тіз­бектеп айтып бере алмады.  Бі­рақ, санамақтың астарында қан­дай құпия жатқанын жеке ма­қал­а қылып жазып беруге уәде бер­ді.
Иә, санамақтың сырын әркім өзін­ше түсінеді. Діндарлар, со­пылар мұның жұмбағын – дін­мен, аузы дуалы ақсақалдар өмір­мен, тіршілікпен бай­ланыс­ты­ры­ған екен. Алайда, анық жауабы басқа секілді. Түсініп тұрмыз, бі­­рақ тарқатып айта алмаймыз. Бай­қайсыз ба, біз ата сөзін аңдай ал­маған ұрпақ екенбіз? Неткен өкініш!

Жұмбақ, Шипагерлік баян, Санамақ
Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
2 жыл бұрын 1336
5 пікір
  • Керемет мақала екен! Жақсы талдау мен зерттеу жасапсыз.
    2 жыл бұрын
  • Тамаша мақала, "екі қайталап оқып шығуға" әбден тұрарлық екен... :))
    2 жыл бұрын
  • Иә, қазақ тілі сондай бай. Оның байлығы көп сөзінің құпиялығында жатыр. Мақала жақсы екен!
    2 жыл бұрын
  • Серікбол, жарайсың! Бабалардың біз түсінбейтін ғаламаттары көп қой. Соны білуге талпынудың өзі - ізгілікке ұмтылу! Сен секілді інілер көп болсын, сөз ұғатын!
    2 жыл бұрын