Ханық сұлтан ханым және оның ұлы Хақназар хан
Ханық сұлтан ханым және оның ұлы Хақназар хан

"Қазақ хандығы" сериалында Ханық сұлтан ханымның рөлін, режиссердің қызы Іңкәр Әбдіраш ойнайды екен...

Ханық сұлтан – Қасым ханның екінші әйелі. Мамаш пен Хақназардың анасы. Қасым өлгеннен кейін, хан тағына ұлы Мамаш отырды. Мамаш билікке келген кезде Ханық сұлтанды қазақтар Хан ана деп қадірледі. Алайда Мамаш екі жылдан кейін, бақилық болды. Сөйтіп, Қазақ хандығының тізгіні Тахир ханға (Жәнібек ханның Әдіктен тараған немересі) ауды. Тахирдің кезінде Ханық сұлтанның отбасы Ноғай ордасын паналады. Себебі, Қасым ханның ерке қызы Бұлдыр ханшайым Ноғай ордасының биі Шейх Мамайға ұзатылған болатын. Сондықтан, Хақназардың балалық шағы Ноғай ордасында өтті.

Тахир хан Қасым секілді қайсарлық көрсете алмады, қазақтың тұтастығын жойып алды. Билікке талас, аш қасқырдай талаған жаулар жан-жақтан бас салды. Жалпы, осы жылдары Жәнібектің немерелері арасындағы тақ таласы өршіп кетті. Тахир, Бұйдаш, Тоғым, Ахмет хандар бірінен соң бірі өздерін хан жариялады.

Міне, осындай ел басына күн туған аласапыран шақта Қазақ хандығының саяси аренасына Хақназар хан келді. Ол Тоғым ханды қолдай отырып, таққа таласқан сұлтандардың қолын кері қайтарды. Оларға тиесілі Аралға, одан Жетісуға дейінгі жерлер түгелдей Қазақ хандығына өтті. Бар билікті Тоғым ханға берді. Тоғым дүние салғаннан кейін ғана Хақназар хан тағына отырды. Ал оның анасы Ханық Сұлтан ханым қайтадан Хан ана атағына ие болды.

Хақназардың хандығы кезінде солтүстік өңірлер Қазақ хандығына қарады. Батыс өңірін да қазаққа қайтарған осы Хақназар болатын.

Негізінде, Шейх Мамай Хақназардың хан болуына тілектес еді. Ондағы ойы Хақназар арқылы Қазақ даласына әмірін жүргізуді қалады. Сібір хандарының ұлдарын да осы мақсатқа пайдаланғысы келді. Алайда, Хақназар ноғай биінің ол арманының тас-талқанын шығарды. Ол Ноғай ордасына қарсы қол бастап, Сарайшық қаласын, сол арқылы бүкіл батыс өлкені алып, Қазақ хандығының жерін кеңейтті.

Хақназар хан оңтүстіктегі Түркістан, Сығанақ, Сауран, Сайрам, Тараз қалаларын да қайтарып алды. Осылайша, берекесі қашқан Қазақ хандығын қайтадан жаңа биікке шығарды. Хақназар орыс патшасы Иван Грозныймен, Қырым ханы Сағадат Кереймен, Шайбанидтердің ханы Абдулламен дипломатиялық байланыс орнатты.

Қырық жыл ел билеп Қазақ тарихындағы Ұлы хандардың біріне айналды!

 

тарих, Ханық сұлтан, Хақназар хан
Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
3 жыл бұрын 4424
1 пікір
Блог туралы
0
40926 43 66 148 41