Голливуд пайғамбарлармен ойнауды қашан қояды?
Голливуд пайғамбарлармен ойнауды қашан қояды?

Голливуд қазір бүкіл әлем жұртынан бір көрермен жасағысы келіп жанталасып жатыр. Оның киносы бұл халыққа керек пе, оның салт-санасы мен діни танымына қайшы емес пе, оған бас қатырмайды. Оларға бүкіл Батыстың идеологиясын әкеліп құйса болды.

Идеологиясын саналарға сіңіргені аздай, содан қалта қампайтудың қамын жасап әлек. Басқасын айтпай-ақ қояйық, Голливуд қазір бүкіл әлем құрметпен қарайтын дін тақырыбын қойыртпақтап бітті. Діни қайраткердің, тұлғаның үстіне қоқыс төңкере салу оларға түк те емес. Оны айтамыз, қазір Голливуд пай­ғамбарлармен ойнауды әдетке айнал­дырды. Нұх, Мұса, Иса пайғамбарлар­ды мансұқтауды қояр емес.

Былтыр ғана жарыққа шыққан Даррен Аронофскидің «Ной» фильмі біраз жұрттың шымбайына тиді. Сце­нарий авторлары Інжіл қиссалары бо­йын­ша түсірілді деген осы фильмнің «тігісін жатқызып» жібергенге ұқ­сай­ды. Өйткені фильмде мұсылмандар құр­меттейтін Нұх пайғамбардың елесі де жоқ. Содан болар, «Нойды» көр­се­туге мұсылман елдерінің біразы тыйым салды. Тіпті ішінара фильмге христиан шіркеулері де қарсы болды. Сонда ба­ғанағы Інжіл қиссалары бойынша тү­сірілді дегені қайда қалды? 
Голливуд «Нойды» түсірерде спе­ц­эф­фектерге, фантастикалық сю­жет­терге көбірек ұрынған. Ешқандай қи­сынға келмейтін тас құбыжықтар жүр. Олар бұрын басқа тіршілік бол­ған-мыс. Сөйтіп, Адам пайғамбарға жәрдем беру үшін Жерге келген. Сол сәтте Құдайдың қаһарына ұшырап тасқа айналған-мыс. Кинода Нойдың кеме құрастыруына осы тас құбы­жық­тар көмектеседі. Құран мен Інжілде бар ма осы сюжет? Киноның тағы бір жерінде Нойдың о дүниелік болған атасымен жолығатын көрініс бар. Бұл да ойдан шығарылған қоспа. Жалпы алғанда, Даррен Аронофски Нұхтың адамзатқа жіберілген пайғамбар екенін ұмытып кеткен сияқты. Немесе жорта істеген болуы мүмкін. Әйтпесе діннен хабары бар адам дін тарихын­да мүлдем жоқ мысалдармен былық­тырар ма еді.
Фильмдегі Ной жүйкесі тозған бі­реу. Өзімшіл, тәкаппар. Негізінде, пай­ғамбарларда «исмет» сипаты бар.  Яғ­ни Құдайдың құдіретімен күнә іс­теуден қорғалған. Ал фильмдегі Ной мас күйінде жүр. Тіпті жалаңаш күйде жатқанын көрсеткен. Ұрпақтарын да оңдырмаған. Үлкен ұлына зина жа­сатқан. Осылайша, көрермендерге некесіз төсектес болудың ешқандай айыбы жоқ деген түсінікті таңғысы ке­леді. Тағы бір Құранға қарсы жері – Нұхтың әйелінде. Құранда Нұхтың әйелінің иман етпегені айтылады. Ал мұнда, керісінше, Нұхқа қарағанда әйелі­­нің иманы беріктеу көрінді. Күйеуіне жақтасып жүрген сол. Ал Нұх болса Құдайдың бұйрығы осы де­генге тастай қатып, адами құндылықтарды ұмыт қалдырған. Сөйтіп, нені дұрыс, нені бұрыс жасап жатқанын білмей шатысады. Жер бетінде ұрпақ жалғастығы болмауы керек деп өмірге енді ғана келген немерелеріне пышақ алып жүгіреді. Нұхты құдайына қарсы қойғаннан Аронофски не ұтты? 
Бұл фильмді көрсетуге көптеген мұсылман елдері тыйым салды. Катар, Кувейт, Бахрейн, Индонезия, Йор­да­ния, Біріккен Араб Әмірлігі, Пәкстан, Тунис, Мороккода «Ной» көрсетілген жоқ. Ал бұл кезде біздің кинотеатрлар «Нойды» қайталап тұрып көрсетті. Біздің Мәдениет министрлігі, соның ішінде осы фильмді көрсетуге про­кат­тау куәлігін беретін құзырлы мекеме қайда қараған сонда? Біздің де мұ­сыл­ман екеніміз, Нұхтың құрметті пай­ғамбарымыз екені олар үшін бес тиын болғаны ғой.
Інжілдің ізімен түсірілді деген тағы бір фильм «Исход: Цари и боги» бо­латын. Ридли Скоттың Мұса пайғамбар туралы фильмі осы жылдың басында көрсетілді. Бұл фильм де бірқатар мұсылман елдерінде тыйым салынды. Марокко, Мысыр, Біріккен Араб Әмірлігі алғашқылардың бірі болып фильмді көрсетуден бас тартты. Ма­рок­ко билігі фильмде Құдайды бала түрінде көрсеткеніне наразы болды. БАӘ-ның Ұлттық медиа-кеңесі фильм сценарийінде көп қателік кеткенін айтып, ислам дініне кереғар фильм де­ген шешім шығарды. Ал Мысырдың Мәдениет министрі Ридли Скоттың фильмі сионистік бағытта түсірілген, көрермендерді шатыстыруға құрылған деді. Шынында, фильм авторлары Мұсаны еврейлердің құтқарушысы етіп көрсетуге барын салған. Мысыр­дағы пирамидаларды еврейлер салды деген теріс ақпарат таратады. 
Мұнда да Мұса пайғамбардың об­разы әбден бұрмаланған. Режиссер еврейлердің ығына жығыла отырып, тарихи оқиғаны біраз «түзеткен». Фильм­де Мұсаның аса таяғы мүлдем жоқ. Теңізге қанжарын лақтырғанда, кенеттен жер сілкініп, соның сал­дары­нан су жерге сіңіп кетеді. Соны пайда­ланған Мұса қауымын бастап теңіз­дің арғы бетіне бір-ақ өтеді. Ал пер­ғауын­ның әскері жеткен кезде су қай­та толып, олар су астында қалады. Бірақ бір қызығы, фильмде пер­ға­уын­ды тәубе еткізбек түгілі, тірі қалдыр­ған. Сол сияқты қауымның Мұсаға ермей тағы да адасатынын, қайтадан пұттарға, тіпті бұзауға табынып кете­тінін көрсетпеген. Соған қарағанда, ев­рейлерді барынша күнәсіз періште қылып көрсетуге тырысқан сияқты.
Мұсылмандарға ұнамаған фильм­нің тағы бір өтірік тұсы – Құдайды бала бейнесінде көрсеткен. Мұса тауға барып, бала-құдаймен кездеседі. Бала-құдай Мұсаға шайын құйып отырып, Тәуратты тасқа таңбалатады. Осы­лай­ша, шылғи өтірік сюжеттермен қою­лата түскен. Сондай дейміз ғой, Голли­вуд Құдайды, пайғамбарды мансұқ­тағаннан не пайда тапты? 
Голливуд не түсірмейді? Олардың бар ойлағаны – кино бизнесі. Сол бизнес жолында ұлттық құндылық, ар-ождан дегендерді таптап өтіп кете бе­реді. Ол аздай Батыстың сасық идео­логиясын санамызға сіңіргісі келеді. Алайда біздің де олардың зымиян идео­­логиясына қарсы тұра алатын ұлттық иммунитетіміз болуы керек қой. 
Біз Голливудтың кинолары көр­сетілмесін деп тыйым сала алмаймыз. Себебі Кино туралы заңымыз жоқ. Әри­не, «Мәдениет туралы» заңы­мыздың 28-бабында «Фильмнің маз­мұны ұлттық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгіттеуге ба­ғыт­талған жағдайда фильмге прокаттау куәлігін берілмейді» деп жазылған. Бірақ оған қарап отырған біздің Ми­нистрлік бар ма? Бір кездері «Дикта­тордың» өзін көрсетпеу керек деп Мәдениет комитетінің көзіне шұқып тұрып әзер тоқтатқанбыз. Ұлттың қамын ойласа, олар да ойланбай ма? Ең болмағанда Конституциямыздың 14-бабында жазылған: «Тегіне, әлеу­мет­тік, лауазымдық және мүліктік жағ­­­дайына, жынысына, нәсіліне, ұлты­­на, тіліне, дінге көзқарасына, на­ны­мына, тұрғылықты жеріне байла­нысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кем­­сі­туге болмайды» деген жолды басшылыққа алса болар еді ғой. «Ной», «Исход: Цари и боги» діни нанымы­мызды қорлады ма, қорлады. Онда неге уақытында соларды тыймадық? Бәлкім, бізге де министрлік жанынан Ұлттық медиа-кеңес құру керек шы­ғар? Қашанғы көз жұмып, Голливуд­тың киноларына прокаттау куәлігін бере береміз? Мәдениет министрлігі осыны ойласа екен!

пайғамбар, Исход: Цари и боги, «Ной», Голливуд
Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
5 жыл бұрын 2860
1 пікір
  • Премьерасына барып, мұндай нашар фильмнің қорына титтей ақша салмағаным дұрыс болыпты.
    5 жыл бұрын
Блог туралы
0
40926 43 66 148 41