Бейбарыс пен Берке
Бейбарыс пен Берке

Ұлы даладан ұлы перзенттер көп шықты. Соның ірілері Жошының ұлы Берке хан (1209-1266) мен Жамақтың ұлы Бейбарыс (1223-1277) сұлтан еді.

Берке – дүниені дүр сілкінткен Шыңғыс ханның немересі. Алтын Орданың әміршісі. Бейбарыс Қыпшақ даласынан құл болып кетіп, бүкіл араб жазирасын (Мы­сыр, Йемен, Хижаз (бүгінгі Сауд Арабиясы және Сирияны биледі) уысында ұстады. 

1240 жылдардан бастап қып­шақ­тар Алтын Орда мемлекетіне бағынды. Шыңғыс ханға қарсы шай­қаста жеңіліс тапқан қыпшақтар тұтқынға түсті, олардың ұрпақтары құлдық қамытын киді. Құлдыққа сатылып, сонау араб жерінен бір-ақ шықты. Еділдің бойынан кеткен сол құлдар – кейінгі сұлтандар Мәмлүк сұлтандығының іргетасын қалады (араб даласын билеген бабаларымыз туралы өткен сандарда арнайы тоқ­талғанбыз). Алайда ол сұлтандар туған топырағын ұмытқан жоқ. Бейбарыс сұлтан Ніл жағасында Мәмлүк сұл­тан­дығын құрғаннан кейін өзінің қан­дастары – қыпшақтармен дос­­­тық байланыс құруға асықты. Сөйтіп, Еділ бойын жайлаған Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Берке ханға достық ілтипаты ретінде түрлі сыйлықтар жолдап, әскери одақ құруға ұсыныс жасады. Бұл әскери одақ Иранның елханы Құлағуға қарсы бағытталды. Негізінде, Берке мен Құлағу Шыңғыс ханнан тараған немере ағайындар еді. Алайда Берке ислам дінін қабылдағаннан кейін, Құлағудың мұсылман қалаларын қиратып, жазықсыз мұсылмандарды қан қақсатқанын қаламады. 
Құлағу Бейбарыстың да жауы болатын. Бей­барыс әмір кезінде-ақ, Аин-Жәлут шайқасында Құлағуға қарсы соғысты. Ол кезде моңғолдардың қолын Кетбұға ноян басқарды. Кетбұғаның қолы Бағдат, Халеб, Дамашық қалаларын алып, Мы­сыр­ға қауіп төндірді. Алайда Бейбарыс әмір бастаған мәмлүктерге қарсы табандылық таныта алмай, соңында Кетбұға қан құшты. Мысыр сұлтандығы мен Ал­тын­ Орда мемлекеті арасындағы дип­ломатиялық байланыс, міне осы Құлағуға қарсы қол біріктіруден басталды. 
Бейбарыс Құлағудың шабуылын Беркемен одақтасу арқылы қай­тар­ғы­сы келді. Ибд Абд әз-Захирдің жа­­зуынша, Бейбарыс Беркенің ис­­лам дінін қабылдағанын алға тар­­тып, мұсылманшылықты жаю үшін өзге діндегі туысы Құлағуға қарсы шайқасу қажеттігін айтты. Хатының соңында «Ислам тек ант беруден тұрмайды, дін үшін соғыс – оның басты тірегі» деп түй­ін­деді. Бейбарыстың Алтын Ор­­дамен байланысының екінші се­бебі, әрине Отанына деген сағыныштан туын­дады. 
Екі ел арасындағы байланысты басында көпестер жүргізді. Бейбарыс сұлтан Берке ханға жолдаған ең ал­ғашқы хатын 1261 жылы осы кө­п­ес­тер арқылы жолдады. Көпе­с­тер­мен бірге Бейбарыстың ордасына дип­ломатиялық байланыс құруға ұм­тылған ордалықтар отряды келді. Мәм­лүктер оларды құшақ жая қарсы алды. Осыдан кейін Бейбарыс Ал­тын Ордаға әмір Сейфедден Құ­шар­бек пен заңгер Маджид ад-Дин бас­таған ресми елшілерін жіберді. Оларға алтынордалық екі сардар се­рік болып қосылды. Елшілеріне ұстатқан екінші хатында да Бейбарыс Беркені дін үшін бірлесіп шайқасуға үгіттеді. 
Елшілер 1261 жылдың қара­ша­сында Нілден Еділге бағыт тү­зе­ді. Олар Византияға жеткенде ал­да­рынан Беркенің Мысырға бағыт ал­ған елшілері шықты (екі жақтың ел­шілері де өз бағыттары бойынша жүре берді).
Беркенің мәмлүк елшілерін қа­лай күтіп алғанын әл-Муфаддал жақсы баяндайды. Оның жазуынша, елшілер сарай әдебін сақтай отырып, иіліп тағзым қылып, Берке ханға Бейбарыс сұлтанның хатын табыстады. Сосын хан елшілерді өзінің оң қапталына отырғызып, бас қадиге хаттың мәтінін түрікшеге аудартқан, оны бас уәзір дауыстап оқып берді. Соңыра елшілерге арнап дастарқан жайылып, қымыз, ет және балық ұсынды. Беркенің жұбайы Жидек хатун хан шатырының жа­ны­­нан елшілерге арнап жеке ша­тыр тіккізді. Бұл елшілер Еділдің жа­ғалауында бір айдай тұрақтады. Қай­тарында оларға алтын бұйымдар ұсы­нып, үстеріне зерлі шапан жап­­ты. Мысыр сұлтанына дала сәй­­гүліктерін, қыран құстарын, қа­ру-жарақтардың түр-түрін сый­ға тартты. Берке хан Бейбарыс сұл­тан­­ға арнап жауап хатын жазып, Арбұғы, Өртемір және Ұнамас деген елшілерін қосып жіберді.
Бейбарыс сұлтан да Беркенің елшілерін сән-салтанатпен қабыл­да­ды. Ол Беркенің алдыңғы жі­бер­ген екі елшісі – әмір Жалал ад­-Дин ибн әл-Кади мен шейх Нұр­ ад-Дин Әлиге қоса, кейінгі Ал­тын Ордаға аттанған елшілеріне қо­сып жіберілген үш елші – Арбұға, Өр­темір және Ұнамастың бесеуін бір­ге қабылдады. Берке елшiлеріне берген хатында Бейбарыстың Құ­ла­ғ­уға қарсы қол біріктіру туралы ұсы­нысын қолдайтынын жазды. Бұ­ған сұлтанның көңілі жайланып қал­ды. Ол алтынордалық елшілерге сый-құрметтің бәрін жасады. Елшілер Мекке, Мәдина қалаларында құл­­шылықтарын өтеді. Ибн Абд аз­-Захирдің жазуынша, Бейбарыс ор­далық елшілерді қайтар жолға қамдай отырып, Беркеге деген құр­мет­і ретінде венециандық ма­­талар, левкандтық кілемдер, фран­ктердің дулығалары, бағалы киім-кешектер, ыдыстар мен шы­рағ­дандар, қару-жарақтар мен сыр­ты қызыл атласпен қапталған тері қорапшаға салынған Құран кітабын сыйға тартты (Әмин әл­-Холи бұл Хазіреті Османның өз қолымен көшірілген Құраны деген). Со­нымен қатар піл сүйегі мен қа­ра ағаштан жасалған, күміспен көм­керілген тұғыр сыйлады. Оған қоса Алтын Ордада кездеспейтін жануарларды, атап айтқанда піл, маймыл, керік, зебра, тұтықұстарды жіберген. Оларды күтіп-баптау үшін қызметшілер қосты. Бейбарыс Беркеге деген құрметін осылайша білдіргісі келді. 

(Жалғасы мына жерде)

тарих, Берке, Бейбарыс
Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
3 жыл бұрын 3638
0 пікір
Блог туралы
0
40926 43 66 148 41