Бейбарыс пен Берке – 2
Бейбарыс пен Берке – 2

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Осыдан бастап екі ел арасын­да­ғы дипломатиялық және сауда байланысы едәуір қарыштады. Бейбарыс пен Берке Ніл мен Еділдің арасына алтын көпір тұрғызды. Алтын Ордадан араб даласына қып­­шақ тұлпарлары жеткізілді. Ор­­даның қару-жарақтары мәм­лүк­­тердің қолынан табылды. Мы­сырлықтар үстеріне қыпшақ шек­пенін, бастарына тақия киетін болды. Елде шығыс маталары кө­бі­рек көрініс тапты.
Қыпшақтар алыстағы Мы­сыр­ды көрді. 1300 жылы Мысырдағы қыпшақтардың саны миллионға жетті. Олардың көбі Құлағудан қы­сым көріп, Бейбарыстың елін па­на­лаған қыпшақтар болатын. Каирда қып­шақ аудандары бой көтерді. Британ шығыстанушысы Стенли Лэн-Пуль 1901 жылы Лондоннан шыққан Мысыр тарихына арналған History of Egypt in the Middle Ages кі­табында Нілдің жағасында киіз үй­лер тігіліп, қымыз ішілгенін жаз­ған. Мысырдың мемлекеттік тілі араб емес, қыпшақ тілі болды. Би­ліктен дәмеленген арабтардың өзі қыпшақ тілін үйренуге ұмтылды. Тіпті, Қалауын сұлтан араб тілін білмеді. 
Қыпшақтар арқылы араб да­ласына Йасы, яғни Жасақ заңы келді. Себебі, бұрын мұнда тек ша­риғат заңы ғана бар болатын. Бейбарыс осы жасақ пен шариғат заңдарын қатар ұстанды. Шариғатта әс­кери нормалар аз болғандықтан, жа­сақ заңын әскери қатынаста басшылыққа алды. 
Мысырға қыпшақтар ар­қы­лы­ ұлттық өрнектер барды. Атап айт­қанда, мешіттер мен ғимараттар қа­бырғасынан көшпелілердің қош­қар мүйіз оюы (бұл жайлы да өткен сан­дарда жазғанбыз) көрініс тапты.
Бейбарыспен одақтасу Берке үшін де пайдалы болды. Алтын Орда жұрты мұсылманданды. Беркенің ке­зінде ел түгелдей ислам дініне мо­йын бұрды. Жидек хатунның бұйрығы бойынша намаз оқитын мешіт-шатырлар тігілді. Дегенмен, бұл далада Беркеге дейін де исламды қабылдаған жұрттардың болғаны анық. Алайда Берке ислам дінін мем­­лекеттік дін ретінде жоғары кө­терді. Ислам стилі бойынша Са­рай қаласын салдырып, ол қалада көптеген мешіттер мен моншалар тұр­ғызды. 
Бейбарыс Беркенің қызына үй­ленді. Сөйтіп, Алтын Орда ханының күйеу баласы болып шыға келді. Бұл туралы зерттеуші В.Бартольд жазды. Осы некеден Бейбарыстың мұрагері Берке (екінші аты Сейіт) дүниеге келді. Тек Бейбарыс қана емес, осы кезде көптеген мәмлүктер мен ор­да­лықтар бір-бірімен құдаласып, қыз алысып, қыз берісті. Себебі, мәмлүктер мен ордалықтар бір ата­дан тараған қыпшақтар болатын. Сол секілді Қалауын сұлтанның ұлы Мұхаммед сұлтан Өзбек ханның жақын қарындасына үйленді. Осы­лай­ша, екі ел арасында тек саяси ғана емес, туыстық та байланыс орнады.
Бейбарыс пен Берке Құлағу қо­лын жеңгеннен кейін, Ніл мен Еділ арасы одан сайын жақындай түсті. Тіпті Бейбарыс Меккедегі және басқа да мешіттерде Берке хан үшін дұға жасатты. Құтба ке­зін­де де Бейбарыс сұлтаннан кейін Бер­ке­нің аты аталатын болды. Берке хан 1266 жылы дүниеден өтті. Өз кін­дігінен ұлы болмағандықтан, Алтын Орданың билігі Бату ханның немересі Мөңке Темірге ауысты. 1267 жылы Бейбарыс сұлтан Мөңке Темірге Берке ханның дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту хатын жолдап, өзін таққа оты­руымен құттықтады.
Берке дүниеден өткеннен кейін де Мысыр мен Алтын Орда достығы ажыраған жоқ. Мөңке хан Беркенің жолын ұстанып, екі ел арасындағы байланысты нығайтты. Бұл туралы Ибн Касир: «Ол (Мөңке) Беркенің сара жолын жалғады, Аллаға мадақ болсын!» деп жазды. Мөңке екі рет­ Мысырға өз елшілігін жіберіп, Бейбарыс сұлтаннан Құлағудың ұлы Абақаға қарсы көмек қолын созуды сұраған. Ал Бейбарыстың елшілері Мөңкенің сарайына 1273 жылдың көктемінде келді. 
1277 жылы Бейбарыс сұлтан дү­ниеден өтті. Оның орнына Бей­ба­рыстың ұлы Берке сұлтан таққа отыр­ды. Берке сұлтан да Мөңкемен байланысты үзбеді. 1280 жылы ел­шілерін жіберді. Мөңкеге ғана емес, қолбасшы Ноғайға, ханның жақындарына сыйлықтар беріп жіберді. Алайда елшілер Алтын Ордаға жеткенде Мөңке бақилық болып, билік Төде-Мөңкеге көшті.
Бейбарыс ұлының Ноғайға сый­лық ұсынуы бекер емес. Себебі, Бей­барыс пен Берке қалаған екі ел арасындағы алтын көпірді ны­ғайт­қан осы Ноғай болатын. Жошы ханның тікелей ұрпағы болса да Ноғай хан тағына отыра алмады. Алай­да Алтын Орданың сыртқы жаулардан қорғап, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үл­ес қосты. Деректерде Ноғайдың Бей­барыс сұлтанмен хат алмасып тұрғаны айтылады. Сол хаттарының бірінде Ноғай өзінің Берке ханның жолын ұстанып, ислам дінін қа­былдағанын жазған.
Төде-Мөңкенің кезінде Ноғай Ал­тын Орданың Мысыр­дағы тұ­рақ­ты елшісі болып тағайын­далып, Ніл жағасында бірер уақыт тұрақтаған. Бұл кезді Ибн әл-Фурат 1282 жыл деп көрсетеді. Осы­лай­ша, Ноғай екі ел арасындағы бай­ла­ныстың нығаюы үшін тер төккен мемлекеттік қайраткер болды. 
Беркеден кейін Мысырмен байланысын Мөңке Темір мен Төде-Мөңке қалай жалғаса одан кейінгі Ал­тын Орда билеушілері Тоқта мен Өз­бек хандар да солай жалғады. Бейбарыстан кейін билікке келген Қа­лауын және оның ұлы Мәлік сұлтандар Алтын Орда билеушілері болған Тоқта және оның немересі Өзбек хандармен елші алмасты. Өзбектің кезінде Алтын Орданың барлық мешіттерінде өзінің атынан кейін Мәлік сұлтанның атын атап, дұға қылу әдетке айналды. Ал Өз­бектің ұлы Жәнібектің кезінде Мы­­сыр сұлтандығымен байланыс ал­дыңғы хан-сұлтандардың кезін­де­гідей қарқынды болған жоқ. Жә­нібектің ұлы Бердібектің кезінде де Мы­сырмен байланыс үзілді. Себебі, Алтын Ордада, Мысырда іш­кі тақ таласынан туындаған төңкерістер көбейді. Сол тартыс салдарынан Бердібек хан қаза тапты. Тоқтамыс билікке келгеннен кейін ғана Мысырмен арадағы байланыс қайта гүлденді. Тоқтамыс хан Барқұқ сұлтанмен дипломатиялық одақ құрса, Мұхаммед хан (Тоқтамыстың ағасы) Барысбай сұлтанмен достық байланыста болды. Екі ел арасындағы елшілік 1438 жылы ғана толықтай үзілді. 177 жылға созылған екі ел арасындағы достықтың арқасында Ніл мен Еділ арасында 50-ге жуық елшілік байланыс болды.

 
тарих, Берке, Бейбарыс
Cерікбол ХасанCерікбол Хасан
3 жыл бұрын 2514
0 пікір
Блог туралы
0
40926 43 66 148 41